Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Балалар қауіпсіздігі — басты назарда

СҚО-да полицейлер құқықтық түсіндіру жұмыстарын күшейтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Солтүстік Қазақстан облысында мыңдаған оқушы үшін қоңырау үні сыныптарға қайта шақырды. Балалар партаға оралды, ал полицейлер үшін бұл кезең — сынып сағаттарында, кездесулер мен әңгімелерде құқықтық түсіндіру жұмыстарын күшейтетін уақыт. Әрбір оқушы өз құқықтары мен міндеттерін нақты білуі тиіс. Құқықтық негіздерді меңгеру балаға өзін қорғалған әрі жауапты сезінуге көмектеседі.

Заңды бұзудың әрбір әрекеті міндетті түрде салдарға әкеледі. Кейбір жағдайларда балалардың әрекеттері үшін ата-аналары жауап береді.

Ең алаңдатарлық жайттардың бірі — кәмелетке толмағандарды есірткі саудасына немесе интернет-алаяқтыққа тарту деректері. Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл және киберқылмысқа қарсы бөлімдердің жедел уәкілдері үнемі профилактикалық кездесулер өткізіп, заңда көзделген жауапкершілікті түсіндіреді.

Тәжірибе көрсеткендей, жасөспірімдер арасында жиі кездесетін құқық бұзушылықтың бірі — түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз көшеде жүру. Көп жағдайда ата-аналардың өздері заңды өкіл деп ағаларын, әпкелерін, туыстарын немесе достарын қате есептейді. Алайда заң бойынша баланың заңды өкілі — тек ата-анасы немесе оларды ресми алмастыратын тұлғалар. Сондықтан кәмелетке толмағандарға үлкен ағаларымен, әпкелерімен не туыстарымен кешкі серуендеуге рұқсат ету заңсыз.

Полицияның жүйелі жұмысы жасөспірімдер арасындағы қылмыстардың азаюына ықпал етті. Биылғы қаңтардан бері мұндай 19 дерек тіркелген, өткен жылдың 8 айында бұл көрсеткіш 29 болған. Сондай-ақ ювеналды полиция қызметкерлері ата-аналардың бала тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамаудың 837 фактісін анықтады.

Полицейлер педагогтар мен ата-аналармен бірлесе отырып, профилактикалық жұмысты жалғастыруда. Мақсат — әрбір оқушы өзін қауіпсіз сезініп, өз құқықтары мен міндеттерін білсін, сондай-ақ қоғамдағы үйлесім мен қорғауды заң мен тәртіпті сақтау ғана қамтамасыз ететінін ұқсын.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру