Балалар қауіпсіздігі – басты назарда: Қарағандыда жас инспекторлар слеті өтуде
Қарағандылық жас инспекторлар республикалық слетке жолдама үшін бақ сынауда, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағандыда жас жол инспекторларының облыстық слеті басталды. Ауқымды шараны Қарағанды облыстық полиция департаменті мен білім басқармасы бірлесіп ұйымдастырды. Слеттің басты мақсаты – балалар мен жасөспірімдердің жолда жүру мәдениетін қалыптастырып, қауіпсіздік дағдыларын дамыту.
Салтанатты ашылу рәсімі Абай атындағы мектеп аумағында өтті. Қарағанды облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Жасқайрат Қайыров қатысушыларға сәттілік тілеп, олардың еңбегін жоғары бағалады.
– Ұстаздар мен ата-аналарға, сондай-ақ жас инспекторларды дайындаған патрульдік полиция қызметкерлеріне алғыс айтамын. Сіздер ел болашағы үшін – саналы әрі қауіпсіз ұрпақ тәрбиелеуге үлкен үлес қосып отырсыздар. ЖЖИ қозғалысының маңызы жыл сайын артып келеді. Бүгінгі жас — ертеңгі көшбасшы, – деді ол.
Слетке облыстың әр ауданынан іріктеуден өткен 9 үздік команда жиналды. Қатысушылар теориялық біліммен қатар практикалық шеберліктерін де көрсетті. Жас инспекторлар жол ережелерін жатқа айтып, велосипедпен маневр жасап, жол қозғалысын реттеу мен алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша сынға түсті.
Байқау тапсырмалары балалардың жан-жақты қабілеттерін бағалауға бағытталған. Әр кезең жолдағы қауіпсіздікке қажетті нақты дағдыларды меңгеруге көмектеседі.
Барлық кезеңнен сүрінбей өткен үздік команда тамыз айында Бурабайда өтетін республикалық слетке жолдама алады. Бұл – Қарағанды жастары үшін елдегі ең мықты жас инспектор атағына таласуға берілетін бірегей мүмкіндік.