Балаларды ашық терезе алдында қалдырмаңыз: ІІМ ата-аналарға үндеу жасады
ІІМ қауіпсіздік ережелерін еске салды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
- Құрметті ата-аналар! Талдау көрсеткендей, балалардың терезелерден құлауы балалар жарақатының ең көп таралған себептерінің бірі болып табылады. Мұндай жағдайлар әсіресе қалаларда жиі кездеседі.
Көктемгі жылудың басталуымен жазатайым оқиғалар қаупі артады. Елімізде балалардың терезеден құлауының 13 фактісі тіркелді, онда бір бала қаза тауып, ал 12-сі түрлі жарақат алды.
Мұның басты себебі – ата-аналардың балаларды бақылаусыз, қараусыз қалдыруы және олардың ашық терезелерге жақын болуы.
Ашық терезелер мен сенімсіз москит торларының қаупін бағалай алмайтын, яғни 7 жасқа дейінгі балалар бұл қауіпке ұшырауы мүмкін, - деді ІІМ әкімшілік полиция комитеті ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Рүстем Жүсіпбеков.
Жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында полиция ата-аналарға қарапайым ережелерді ұстануды ұсынады:
- баланы ешқашан терезелері ашық бөлмеде қараусыз қалдырмаңыз;
- тиісті қорғаныссыз москит торларын пайдаланбаңыз;
- бала терезені өздігінен аша алмайтындай етіп терезелерге блокаторларды орнатыңыз;
- баланың терезеге көтерілуіне жол бермеу үшін жиһаздың барлық түрлерін терезелерден алыстатыңыз;
- терезе торларын орнатыңыз.