Балаларды интернеттегі алаяқтардан қорғаңыз
Тәртіп сақшылары балаларды интернеттегі алаяқтардан қорғау жолдарын еске салды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Цифрлық технологиялар дамыған сайын балалардың интернеттегі қауіпсіздігіне қатысты мәселе өзекті болып отыр. Қазір алаяқтар балаларды алдаудың жаңа жолдарын ойлап табуда.
Абай облысы полиция департаментінің мәліметінше, соңғы уақытта танымал онлайн ойындар мен ойын қауымдастықтары арқылы балаларды алдауға бағытталған жаңа интернет-алаяқтық жағдайлары жиілеп кеткен.
Алаяқтар балалармен ойындарға арналған чаттар мен топтарда танысып, сенімге кіреді. Олар "виртуалды ақша" немесе "бонустар береміз" деп әртүрлі тапсырмалар ұсынады. Басында бәрі зиянсыз көрінеді: бала ойынға қажетті затты тегін алу үшін қарапайым тапсырманы орындайды.
Бірақ кейін алаяқтар баладан ата-анасының телефонына келген SMS-кодтарды сұрай бастайды. Осы кодтар арқылы олар ата-ананың аккаунттарын немесе банк қосымшаларын бұзып кіреді. Кей жағдайларда балалар не болып жатқанын түсінбестен, алаяқтардың жіберген QR-кодтарын сканерлеп, ақша аударып жібереді.
Тіпті кейбір алаяқтар балалардың атына онлайн несие рәсімдеп, ақшаны өздері иемденіп кетеді. Ал егер баланың өз банк картасы болса, олар арзан бағамен "ойын жабдығын" немесе "виртуалды валюта" сатып алуға көндіреді.
Полиция ата-аналарға балалардың интернеттегі белсенділігін қадағалауға және олармен жиі сөйлесіп, онлайн қауіпсіздік туралы түсіндіруге кеңес береді.