Балаларды тасымалдау ережесін бұзған павлодарлық жүргізушілер анықталды
Павлодар облысында 125 жүргізуші балаларды тасымалдау ережесін бұзғаны үшін жауапқа тартылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысында полицейлер жүргізушілер мен ата-аналардың назарын көлік салонында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығына аударады. Әсіресе қауіпсіздік белдіктері мен балаларға арналған арнайы ұстап тұратын құрылғыларды қолдану – әрбір жүргізушінің міндеті.
– Бұл талап ең алдымен балалардың қауіпсіздігін сақтау үшін қажет. Жол жүру қашықтығына қарамастан – үйден мектепке дейін немесе демалыс күндері қала сыртына шығу кезінде де көліктегі баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету аса маңызды, – деп атап өтті Павлодар облысы полиция департаментінің өкілдері.
Полицейлердің айтуынша, такси қызметін пайдаланатын ата-аналар да жауапкершілік танытып, тасымалдаушы компанияның көліктерінде балаларға арналған қауіпсіздік құрылғыларының бар екеніне көз жеткізуі тиіс. Сондай-ақ балаларды алдыңғы орындыққа отырғызуға қатаң тыйым салынады. Себебі кенет тежелу кезінде бала соққының барлық күшін өзіне қабылдап, ауыр жарақат алуы мүмкін.
Жыл басынан бері Павлодар облысында балаларды тасымалдау ережелерін бұзған 125 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
"Заң мен тәртіп" қағидатын басшылыққа алған тәртіп сақшылары ата-аналар мен жүргізушілерге балаларды көлікте тасымалдаудың белгіленген ережелерін мүлтіксіз орындауға кеңес береді. Себебі бұл ережелер жол-көлік оқиғасы кезінде кішкентай жолаушылардың өмірі мен денсаулығын қорғаудың ең сенімді кепілі болып табылады.