Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Балалардың қауіпсіздігі ерекше бақылауда: Шымкентте полицейлер мұғалімдермен кездесу өткізді

Шымкентте қалалық жастар ресурстық орталығында полиция департаментінің бастығы Думан Таевтың бастамасымен кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша кеңес өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Мемлекет басшысы жақында өткен республикалық педагогтар съезінде сөйлеген сөзінде білім ошақтарында қылмыстық психологияның таралуы секілді келеңсіздікті түбірімен жою керектігін атап өтті.

Осы мақсатта қалалық жастар ресурстық орталығында полиция департаментінің бастығы Думан Таевтың бастамасымен кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша кеңес өтті.

Жиналысқа қаладағы 195 оқу орнының басшысы, әкімнің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов, қалалық мәслихат депутаттары Ерғали Білісбеков пен Мұрат Жолдыхожаев, сондай-ақ білім басқармасының, цифрландыру басқармасының, прокуратураның басшылығы, полиция қызметкерлері мен күзет агенттіктерінің өкілдері қатысты.

Кездесуде жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ оларға қатысты жасалған құқық бұзушылықтардың жолын кесу мәселелері талқыланды.

Мегаполистің бас полицейінің айтуынша, қаладағы білім беру мекемелеріне 325 қызметкер бекітілген, оның ішінде ювеналды полицейлер, учаскелік инспекторлар мен жедел уәкілдер бар. Оқушылардың қауіпсіздігі үшін осы ғимараттарда 2618 бейнебақылау камерасы орнатылған. Барлық мектептер полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылған.

Думан Таев жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық статистикасына да тоқталды. Айта кетейік, бүгінгі таңда ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабы бойынша көшеде түнгі уақытта болған кәмелетке толмағандардың 5 мыңнан астам заңды өкілі жауапкершілікке тартылған.

ПД бастығы оқушылармен, колледж студенттерімен және ата-аналармен құқықтық сауаттылығын арттыру үшін түсіндіру іс-шараларын өткізудің маңыздылығын ескертті. Тәртіп сақшылары осы жылы оқушылар үшін 300-ден астам профилактикалық сабақ өткізгенін де атап өтті.

Кездесу соңында қатысушылар бірлескен жұмыстың тиімділігі мен нәтижесіне зор сенім білдірді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру