Балалардың қауіпсіздігі қатаң бақылауда: Алматыда түнгі рейд өткізілді
Алматы қаласында полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта қараусыз жүруінің алдын алу мақсатында рейдтік іс-шара өткізді, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шара барысында ата-анасының немесе заңды өкілінің еріп жүруінсіз жүрген 38 бала анықталды. Олардың төртеуінің басқа өңірлерден келгені белгілі болды. Бұл балалар уақытша балаларды қолдау орталығына орналастырылды.
Барлық дерек бойынша ата-аналар ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
— Профилактика жылы аясында біз балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударамыз. Қараусыз қалған әрбір бала – тек қана құқық бұзушылықтың құрбаны емес, сонымен қатар қатысушысы да болуы мүмкін. Бұл үшін бірінші кезекте ата-аналар жауапты. Біздің ұстанымымыз – Заң және тәртіп. Сондықтан ересектерге балаларының бос уақытын және қайда жүргенін қадағалаудың маңыздылығын қатаң ескертеміз, — деді Алматы қалалық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Тимур Ноғайбаев.
Полиция кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында жүйелі профилактикалық жұмыстарды жалғастыруда.