Балаларына алимент төлемеген павлодарлық анықталды
Павлодар облысының полиция қызметкерлері өз балаларына алимент төлемей жүрген ер адамды ұстады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Тексеру барысында оның бұрынғы жұбайымен ажырасқаннан кейін бала тәрбиесіне қатыспағаны және сот шешімімен белгіленген алиментті ұзақ уақыт төлемегені анықталды.
– Өз балаларына төленбеген алименттің жалпы сомасы шамамен 6 миллион теңгені құрады. Полиция қызметкерлері 45 жастағы ер адамды ұстап, істі жеке сот орындаушысына жолдады. Ол сот шешімін орындап, қарыз сомасын өндіріп алу шараларын жалғастыраls, – дейді полицейлер.
Айта кетейік, жыл басынан бері облыс полицейлері алимент төлемейтін 200-ге жуық борышкерді анықтады. Полиция өкілдері алимент төлеуден жалтару тек материалдық жауапкершілікке ғана емес, қылмыстық қудалауға да әкеп соғуы мүмкін екенін ескертеді.
Құқық қорғау органдары жазаның бұлтартпаушылығы қағидатын басшылыққа ала отырып, құқық бұзушылықтардың барлық фактілерін, оларды кім жасағанына қарамастан, әділ әрі бейтарап тергеуді жалғастырады. Бұл – елімізде заң мен тәртіпті қамтамасыз етудің басты негіздерінің бірі.