Баласының өміріне қауіп төндірген ана жауапқа тартылды
Павлодар облысында баласының өмірін қауіпке тігіп, жолды белгіленбеген жерден кесіп өткен ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицейлердің жолда абай болу қажеттілігі туралы ескертулеріне қарамастан, немқұрайлы жаяу жүргіншілер өз өмірі мен денсаулығын қатерге тігіп, әлі де жолды белгіленбеген жерлерден өтуді жалғастыруда.
Павлодар облысының Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыровтың айтуынша, жыл басынан бері жаяу жүргіншілерге қатысты жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін 5 893 әкімшілік хаттама толтырылған.
Азаматтар көбіне жолды белгіленбеген жерлерден кесіп өтеді, сондай-ақ апатты жағдай тудырып, бағдаршамның қызыл сигналына назар аудармайды.
Мысалы, 3 желтоқсан күні кешкі уақытта жанында баласы бар әйел адам Н.Назарбаев даңғылында бағдаршамның тыйым салған белгісіне қарамай жүріп кеткен. Осылайша, жергілікті тұрғын өзіне ғана емес, баласына да қауіп төндіріп, жолда төтенше жағдай тудырды.
– Аталған азаматшаға қатысты полиция қызметкерлері ҚР ӘҚБтК 615-бабы (Жаяу жүргіншілердің және жол жүрісіне өзге де қатысушылардың жол жүрісі қағидаларын бұзуы) бойынша әкімшілік хаттама толтырды. Сондай-ақ құқық бұзушымен жол қозғалысы ережелерін сақтау қажеттілігі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді, – деді басшы.