Балқашта «Киберпол» арнайы бөлінісі жұмысын бастады
Қарағанды облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Әбіл Әбілдин Балқаш қалалық полиция бөлімінде интернет желісімен жасалатын қылмыстардың алдын алумен айналысатын «Киберпол» арнайы бөлінісінің жұмысымен танысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жаңадан ашылған бөліністің жұмысымен танысуға Балқаш қаласының әкімі Сапар Сатаев және қала прокуроры, сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен блогерлер де қатысты.
– Қарағанды облыстық полиция департаментінде киберқылмыстардың алдын алумен айналысатын арнайы бөлім бар. Бүгін бұндай бөлініс Балқаш қаласында да өз жұмысын бастады. Оның құрамына жедел уәкілдер, тергеушілер ІТ-саласының мамандары кіріп отыр. Бұл топтың ең басты міндеттері интернет алаяқтығы фактілерінің алдын алу, жолын кесу, бұндай хабарламалар алған кезде дер кезінде жұмыс жасап, қылмыстың алдын алу болып саналады. Қала тұрғындарынан егер сіздерге қоңырау шалып, банк карталарыңыз жайлы сұрақ қойған жағдайда, бірден телефон тұтқасын қойып, арнайы бөлініске хабарласыңыздар, – деді Әбіл Әбілдин.
– Алаяқтардың кесірінен көптеген адам зардап шегіп отыр. Оның ішінде Балқаш қаласының тұрғындары да бар. Сондықтан қалалық полиция бөлімінде киберқылмыстармен айналысатын бөліністің ашылуы көңіл қуантады. Алдағы уақытта біз қалалық полиция бөліміне жұмысқа қажетті жабдықтарды әперіп, ІТ мамандарды келісім шарт арқылы алуды көздеп отырмыз. Сонымен қатар қаладағы әлеуметтік желілердегі ақпараттарды саралап, күдік тудыратын сілтемелерді анықтап отыртын Cаll-орталығын ашу ойымызда бар, – деді қала әкімі Сапар Сатаев.
Айта кету керек, облыстық полиция департаменті интернет алаяқтықтың алдын алу үшін халыққа бірнеше ескерту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Мәселен, қала жолдарындағы жаяу жүргіншілер өткеліне ескертулер жазылса, сондай-ақ тұрғындардың назарын аудару мақсатында әуеге ұшқан шарға да «Алаяқтан сақ болыңыз!» жеп жазылды. Осындай жұмыстардан хабардар болған Балқаш қаласының тұрғыны Светлана мемлекеттік тілдің арқасында алаяқтардан оңай құтылған.
– Маған банктенмін деп қоңырау шалып, менің есеп шотымнан белгісіз біреулер ақша аударып жатқанын айтты. Сондықтан ақшамнан айырылып қалмас үшін басқа есепшотқа аударуымды өтінді. Алайда мен бұған дейін алаяқтардың әрекетінен хабардар болғандықтан және олармен мемлекеттік тілде сөйлесу керек екенін естіп, телефон соққан адамға қазақша сөйлеуді талап еттім. Сол кезде ол телефон тұтқасын қоя салды, – деп ойымен бөлісті Светлана.