Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

БАҚ #БІЗДІҢПОЛИЦИЯ ТУРАЛЫ

Полиция – жауапкершілігі жоғары мамандық. Қоғамдық тәртіпті қадағалаушылардың арасында қайсар да батыр жандар аз емес. Қатардағы жанкешті қызметкерлер туралы өңірлік бұқаралық ақпарат құралдары не дейді?! Арнайы топтаманы назарларыңызға ұсынамыз.

Ажалдан арашалап қалған…

Қанат Қазбайұлының полиция қатарына қосылғанына биыл 18 жыл. «Үстімде қызметтік киім, иығымда шен болса» деген ой оның санасында бала күнінде жаңғырған. Арманы орындалды. Ерлік те жасалды. Мәселен, 2006 жылы ол суицид жасамақ болған жеткіншекті құтқарды.

– Бес қабатты үйдің төбесінен секірейін деп жатқан қыз баланы көрдік. Астында адамдар тұрды. Сол үйдің тұрғындары қызбен сөйлесіп жатты. «Не прыгай!», «Подожди!» деп жатқандар болды. Көліктен түскен бойда командирім сол маңдағы адамдардан оқиғаның мән-жайын сұрай бастады. Мен дереу подъездге кіріп, баспалдақпен көтеріліп, ашық люк арқылы жоғарыға шықтым. Ақырындап еңбектеп жетіп, қыздың арқасынан ұстап, қауіпсіз жерге тартып шығардым, – деді Ақтөбе қалалық ПБ патрульдік полиция батальонының взвод командирі Қанат Жетпісбаев.

Тағы бір оқиға 2023 жылдың сәуір айында болды.

– Жангелдин көшесінде үй жанып жатыр деген ақпарат түсті. Жанымдағы екі әріптесіммен бірге оқиға орнына бардым. Екі-үш минуттың ішінде жеттік. Терезеден түтін толған үйдің ішінде адам жатқанын байқап қалдым. Қолыма тас алып, әйнекті сындырып, ішке кірдім. Қабырғаның тұсында екі әйел жатты. Көмекке әріптесім келіп, екеулеп екі әйелді шығардық, – деді Қанат Жетпісбаев.

Адам құтқарғаны үшін қызметкерге құрмет грамотасы табысталды. Бірақ басты марапат – құтқарылған жандардың алғысы.

Халық алғысына бөленген…

Дулат Абдрахманов 2010 жылдан бері полицияда қызмет етіп келеді. Алғашқы еңбек жолын патрульдік полиция батальонының инспекторы қызметінен бастаған. 2019 жылы Затон полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы лауазымына тағайындалып, қазіргі күнге дейін сол жерде жұмыс істейді. Семей қаласының әкімі тәртіп сақшысының елеулі еңбегін назардан тыс қалдырмай, 2023 жылы «Қалаға қосқан үлесі үшін» мәртебелі төсбелгісін табыс еткен болатын.

Полицей күн сайын тұрғындармен тікелей байланыста болып, аумағында 18 мыңнан аса адам тұратын Қарағайлы шағын ауданында қоғамдық тәртіптің сақталуын қадағалайды.

– Дулат өзінің тікелей қызметтік міндеттерін атқарумен қатар әкімшілік учаскесінің қарт тұрғындары мен балаларына ерекше назар аударады. Оларға қолынан келгенше көмегін көрсетіп жүр. Мейрамдарда учаскелік инспектор көпбалалы отбасылардың балалары үшін шағын мереке ұйымдастырып, балаларды дәмді тағамдармен, сыйлықтармен қуантып жүреді, – дейді Қарағайлы шағын ауданының тұрғыны Сәуле Кенжебайқызы.

Дулаттың сөзінше, инспектор болу үшін ең әуелі шыдамдылық пен табандылық қажет.

– Қызметтің ауыртпалығына қарамастан, учаскелік полиция инспекторы болып жұмыс істеу – мен үшін құрмет, – дейді Дулат Абдрахманов.

Талапқа сай болудан танбаған…

Мирамбек Достыбаев Қызылорда қалалық полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторы болып жұмыс істейді.

– Біздің қызметіміз мезгілге бағынбайды. Жүктелген жауапкершілікті сезінеміз. Тиісінше абыроймен атқаруға тырысамыз. Небір сындарлы сәттер өтеді. Қиын да күрделі кезеңдер кездеседі. Қоғамдық тыныштықты сақтауға күш саламыз, – дейді тәртіп сақшысы.

Учаскелік инспектордың негізгі міндеті – құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу. Бұл бойынша профилактикалық жұмыс жүргізіледі.

– Мен қызмет атқаратын әкімшілік аймақ Тасбөгет кентінде орналасқан. Ондағы тұрғын саны – 4866 адам. Әкімшілік аумақта бір мейрамхана, екі кафе-бар, 17 дүкен, бір аурухана, екі оқу орны, бір спорт кешені, бір медициналық орталық, екі балабақша орналасқан, – деп атап өтті Мирамбек Достыбаев.

Полицейдің айтуынша, кейде ауыр құқық бұзушылықпен күресуге тура келеді.

– Адамдармен сөйлесіп, жұмысты жүйелі жүргізуге тырысамын. Қызметтің ерекшелігіне қарай маскүнемдермен, психикалық аурулары бар адамдармен жұмыс істейміз. Профилактикалық есепте тұрғандар да бар. Олардың әрқайсысымен қарым-қатынас тәсілін таңдау маңызды. Ондай кісілерді дұрыс жолға бағыттауға тырысамыз. Жұмыс нәтижелі болу үшін аянбай қызмет ету керек, – деді инспектор.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру