"Бақытты отбасы – бақытты ел" акциясы: Ұлытау облысында полицейлер тұрғындармен кездесті
Ұлытау облысының полиция департаменті "Бақытты отбасы – бақытты ел" республикалық акция аясында қала тұрғындарымен кездесу ұйымдастырды. Іс-шараға отбасылық зорлық-зомбылықпен күрес бөлімінің қызметкерлері қатысып, тұрғындар арасында арнайы сауалнама жүргізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сауалнама барысында қала тұрғындарына отбасы құндылықтары, ата-анаға құрмет, бала тәрбиесіне қатысты түрлі сауалдар қойылды. Қала тұрғындары қойылған сұрақтарға жауап беріп қана қоймай, өз ұсыныстары мен ой-пікірлерін де ортаға салды. Көпшіліктің айтуынша, отбасындағы сыйластық пен бірлікті сақтау – бақытты қоғамның басты кепілі.
Полиция қызметкерлері тұрғындарға отбасы институтының қоғамдағы орны жайында кеңінен түсіндірді. Мамандардың сөзінше, ата-анаға құрмет көрсету, ұрпақ тәрбиесіне жауапкершілікпен қарау – зорлық-зомбылықтың алдын алудың бірден-бір жолы. Шараға қатысқан жастар да, аға буын өкілдері де отбасы құндылықтарының сақталуы елдің болашағы үшін аса маңызды екенін атап өтті.
Іс-шара барысында тұрғындарға құқықтық түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жолдары сөз болды. Полиция қызметкерлері мұндай кездесулердің қоғамдағы құқықтық мәдениетті арттыруға үлкен септігін тигізетінін жеткізді.
Полиция отбасы құндылықтарын дәріптеуге бағытталған шараларды алдағы уақытта да жалғастырмақ. "Бақытты отбасы – бақытты ел" акциясы шеңберінде тұрғындармен кездесулер, дөңгелек үстелдер мен түрлі түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде ұйымдастырылатын болады.