«Бәрі жақсы болады»: атыраулық полицейлер көпірден секірмек болған жігітті құтқарды
Атыраулық полицейлер көпірден секірмек болған жігітті құтқарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
1 желтоқсан күні сағат 01:50 шамасында 38 жастағы Атырау қаласының тұрғыны Балықшы көпірінен секіріп, өз-өзіне қол жұмсамақ болған.
Әкімшілік аумақты аралау кезінде учаскелік полиция инспекторлары көпірден секірмек болған азаматты байқаған. Дереу жақын маңдағы учаскелік полиция инспекторларын көмекке шақырып, радиоқабылдағыш арқылы хабарлаған. Сол сәтте қолымен көпір қоршауын ұстап тұрған ер адам полицейлердің кеудесіндегі жетонға жазылып қалды.
Бір полицей онымен әңгімелесіп, секірмеуге және асықпай ойлануға шақырып, алаңдатуға тырысты. Сол уақытта басқа қызметкерлер оны ұстап, көпір үстіне шығаруға оқталған.
– Тәртіп сақшылары полиция капитандары Нұрбаба Калидуллин, Бекежан Сабировтың, Ғалым Кабделов, Мейрамбек Қангерейұлы және полиция аға лейтенанты Ораз Тажикеновтың қырағылығының арқасында өз өміріне қол салмақ болған ер адамға санаулы минуттардың ішінде көмек көрсетіліп, құтқарылды. Бұл қашан да полицейлердің тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз етуде еш аянып қалмайтынына тағы бір мәрте дәлел деп айтар едім, – деді Атырау облысы Полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиев.
– Құтқарудан өзге ештеңе ойлаған жоқпыз. Кез-келген полицей ондай жағдайға тап болғанда тез арада көмек беруді ғана ойлайды. Көпірге асылып, қолымен темірді ұстап тұрған ер адамды байқадым. Түн іші, қыстың бірінші күні. Темірдің суықтығына шыдай алмай, көпірге секіріп кетсе, жағдай ушығып кететінін түсіндім. «Қолыңды жіберме, ұста, қолыңнан ұстайын ба? Қолыңды маған бер» дей бердім. Екінші әріптесім «олай жасама, бауырларыңды ойла, ата-анаң бар, сені үйде күтіп отыр» деп жатты. Ондай сәтте басты күш сенің моральдық-психологиялық дайындығыңа түседі деп айтар едім. Себебі қызмет бабында мен және менің әріптестерім түрлі қауіп-қатердің алдыңғы қатарында жүреміз. Сол сәтті ұзақ уақыт ойталқысына салатын кездер де болады, – деді Мейрамбек Қангерейұлы.