Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Барымташылар екі жылқыны қолды қылды

Түркістан облысының полицейлері жылқы ұрлаған барымташыларды «ізін суытпай» ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Сарыағаш аудандық полиция бөліміне малдары ұрлағаны жөнінде екі жергілікті тұрғын арызданған. Жәбірленушілердің айтуынша, маусым айының 3-нен 4-не қараған түні белгісіз адамдар олардың ауласынан екі жылқыны ұрлап кеткен. Бұл деректерді полицейлер сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде ҚР Қылмыстық кодексінің 188-1-бабы (мал ұрлығы) бойынша тіркеді. Ұрланған малдың құны миллионға жуық теңгені құрады.

Сарыағаш АПБ-да орын алған мал ұрлығын анықтауға бағытталған тәжірибелі полицейлерден жедел-тергеу тобы құрылды. Полиция қызметкерлері жақын маңдағы ауылдар мен жайылымдарды аралап, көршілер мен ауылдықтардан сұрастырды.

Қорытындысында, жедел уәкілдерге көрші кентте көшелердің бірінде бөтен жылқылар байлаулы тұрғаны туралы ақпарат келіп түсті. Аталған мекен-жай бойынша шұғыл Сарыағаш аудандық полиция бөлімшесінің жедел уәкілі Тұрарбек Дінмұхамед пен Отен Ислам жетіп, ұрланған жылқыларды тауып алған. Тәртіп сақшылары күдіктілерді қылмыс орнында «ізін суытпай» ұстап алу үшін күтіп отырған. Түнде барымташылар олжасына оралғаннан кейін ғана, полицейлер мал ұрыларын қолға түсірді. Олар Сарыағаш қаласының тұрғындары болып шықты, біреуі ұрлық жасағаны үшін сотты болған.

Қазіргі уақытта мал ұрлығы деректері бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сарыағаш АПБ- нің тергеуінде ұсталғандардың басқа да қылмыстарға қатыстылығы анықталады. Айғақты зат ретінде алынған жылқыларды полиция қызметкерлері заңды иелеріне қайтарып берді.
Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру