Бас көлік полицейі халыққа есеп беру кездесуін өткізді
Бас көлік полицейі халыққа есеп беру кездесуін өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
12 сәуірде Көліктегі полиция департаментінің бастығы Оңал Бекеев халыққа есеп беру кездесуін өткізді. Іс-шара департаменттің Instagram және Facebook әлеуметтік желілерінің ресми аккаунттарында онлайн режимінде өтті. Диалогқа желінің 800-ден аса пайдаланушылары қатысып, 50-ге жуық сұрақ қойылды.
Ең алдымен, Оңал Бекеев ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құқықтық мемлекетті дамыту және азаматтардың билік органдарына сенімін нығайту туралы ішкі істер органдарына жүктеген міндеттердің орындалу барысы туралы айтты.
Бұдан соң ол жұртшылықты Көліктегі полиция департаментінің 2021 жылғы атқарған жедел-қызметтік жұмысының қорытындыларымен таныстырды.
– Өткен жылы департаментте 1500-ден астам құқық бұзушылық тіркелді. Жалпы қылмыстардың ашылуы 85,6%-ды, соның ішінде ауыр және аса ауыр қылмыстардың ашылуы 86%, ал көліктегі жасалған ұрлық қылмыстарының ашылуы 80%-ды құрады, – деп нақты деректерге сүйенді мекеме басшысы.
О.Бекеевтің сөзінше, қазір департаментте қаңтар айында елімізде орын алған жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты 132 қылмыстық іс бойынша тергеу жүргізілуде. Нәтижесінде 26 тұлға қамауға алынып, ұрланған 72 қару мен 395 оқ-дәрі тәркіленген. 30 іс сотқа жолданып, кінәлі тұлғалар әртүрлі мерзімдерге сотталған. Бұл бағыттағы жұмыстар әрі қарай жалғаспақ.
Департамент бастығының айтуынша, қазіргі күні полиция жұмысын жақсарту үшін Жол картасы шеңберінде ауқымды іс-шаралар жүргізілуде. Құқық бұзушылықтардың алдын алуды қамтамасыз ету мақсатында барлық вокзалдарға, перондарға, станцияларға 10 мыңнан астам бейнекамералар орнатылған. Алдағы уақытта бұған қосымша тағы да 8 мыңға жуық камера орнатылмақ.
Былтыр көлік полицейлері Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде өткен жылы халықпен жиын және жолаушалыр поездарында 1000-нан астам кездесулер өткізген. Азаматтарды қабылдау үшін фронт-офистер жұмыс жасайды. Әртүрлі мәселелер бойынша 186 азамат қабылдауда болған.
– Біздің мақсатымыз – қызметіміздің қоғамға түсінікті әрі ашық болуы. Бүгінгі өткізіп отырған кездесуіміз де соның айғағы, – деді О.Бекеев.
Баяндамасын аяқтағаннан кейін Оңал Ботайұлы әлеуметтік желі пайдаланушыларының сұрақтарына жауап берді. Олардың көбі азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ішкі істер органдарына қызметке тұру, полицейлердің жалақысын көтеру және басқа да мәселелерге қатысты болды.
Тікелей эфир кезінде кейбір азаматтар полицейлерге алғыстарын да білдірді. Өз кезегінде О. Бекеев белсенді қатысқан азаматтарға ризашылық білдіріп, оларды келіп түскен барлық өтініштер мен ұсыныстардың қараусыз қалмайтынына сендірді.