Басқаруы оң жақтағы көліктердiң қатысуымен болған жол-көлік апаттары
Жыл басынан бері Жамбыл облысының аумағында 14 жол-көлік оқиғасы орын алып, 5 адам көз жұмды. 18 адам жарақат алды, – деп хабарлайды Polisia.kz
Полиция қызметкерлерінің жеке тасымалдаушылар жасаған бұзушылықтарды анықтау және алдын алу бойынша жүргізген жұмыстарына қарамастан, олар жолаушылардың өміріне қауіп төндіріп, жол ережелерін бұзуды жалғастыруда. Мысалы, осы жылы 27 қыркүйекте сағат 23:30-да республикалық маңызы бар Батыс Еуропа – Батыс Қытай автожолының 216 шақырымында жол-көлік оқиғасы орын алды.
Toyota Alphard көлігінің 21 жастағы жүргізушісі Алматы қаласынан Тараз қаласы бағытында келе жатып, өзімен бағыттас Түркістан облысының 35 жастағы тұрғынының басқаруындағы YUTONG жолаушылар автобусының артқы жағымен соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасы салдарынан Toyota Alphard автокөлігінің жолаушысы алған жарақаттарынан оқиға орнында қайтыс болды. Осы көліктің жүргізушісі мен оның 3 жолаушысы түрлі дене жарақаттарымен Қордай ауылының орталық аудандық ауруханасына жеткізілді.
Жол-көлік оқиғасы кезінде жеңіл автокөліктің iшiнде 6 адам, ал жолаушылар автобусында 33 адам болған. Тәжірибе көрсеткендей, көп жағдайда мұндай оқиғалар қайғылы нәтижелермен аяқталуда. Жүргізушілердің менмендігі мен жол ережелеріне немқұрайлы қарауы жазықсыз адамдарды, соның ішінде балалар өлiмiне әкелуде.
Осы дерек бойынша ҚР ҚК-нің 345-бабы 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды. Бірқатар қажетті сараптамалар тағайындалды. Жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын автокөлікті тексеру барысында полиция қызметкерлері жалған тіркеу куәліктері бар шет мемлекеттерде есепте тұрған Toyota Alphard 53 автокөлікті анықтады.
Аталған деректер бойынша ҚР ҚК-нiң 385-бабымен (Жалған құжаттарды қолдан жасау, дайындау немесе өткізу) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Автокөліктер айып тұрағына қойылды.
Жамбыл облысының Полиция департаменті қауіпсіздік техникасына сәйкес келетін барлық қажетті рұқсат құжаттары мен автокөліктерi бар ресми тасымалдаушылардың қызметтерін пайдалануды ұсынады.