Батылдық пен адалдық жолындағы полицей
Қызметте алдыңғы шепте жүрген, адам өмірін ажалдан арашалап қалған учаскелік инспектор туралы Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.
Қоғам тыныштығы мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – ішкі істер органдары қызметінің басты бағыттарының бірі. Бұл салада әсіресе, учаскелік инспекторларға жүктелер міндет ауыр. Себебі олар тұрғындарға ең жақын құқық қорғаушы ретінде тәртіп пен заңдылықтың сақталуын күнделікті қадағалап отырады.
Осындай жауапты қызметті абыроймен атқарып жүрген мамандардың бірі – Атырау қалалық полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бөлімінде еңбек ететін полиция капитаны Ерболат Сапашев.
Күн сайын бекітілген аумағында қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге күш салып жүрген полиция капитаны – өз ісіне адал, ел сенімін ақтап жүрген маман.
Ерболат Кенжебайұлы тұрғындармен тығыз байланыс орнатып, құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында жүйелі түрде профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Әсіресе жасөспірімдермен жеке кездесулер өткізіп, құқықтық кеңес беруді күнделікті дағдыға айналдырған.
Ерболат Кенжебайұлы 1993 жылы Атырау қаласында дүниеге келген. Құқық қорғау саласындағы еңбек жолын 2014 жылы ҚР ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтында кәсіби даярлық курсын аяқтаған соң бастаған. Кейіннен білімін жетілдіріп, 2019 жылы Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық институтын “Құқықтану” мамандығы бойынша бітірген. 2021 жылдан бері Атырау қалалық полиция басқармасында учаскелік инспектор қызметін атқарып келеді.
Қызмет барысында талай күрделі сәттерді бастан өткерген Ерболат Сапашев кәсіби шеберлігі мен адам өміріне деген жауапкершілігі бірнеше рет сын сағатта дәлелденді. Соның бір мысалы – биыл ақпан айында орын алған оқиға. Таңғы кезекшілігі кезінде әріптесімен бірге Алмагүл ықшам ауданындағы көпқабатты үйдің төбесінен секірмек болған азаматты байқап қалып, бір сәтке де ойланбастан әрекетке көшіп, оны ажал аузынан аман алып қалды. Бұл – шынайы батылдық пен кәсіби дайындықтың жарқын көрінісі.
Бүгінде полиция капитанының учаскесіндегі тұрғындар оның жауапкершілігі мен адалдығына сенім артады. Ал Ерболат Кенжебайұлы болса, күн сайын қызметіне белсене кірісіп, қоғамдық тәртіп пен азаматтық тыныштықты сақтауға бар күшін салуда.
Қоғамдағы тұрақтылық пен тыныш өмір – осындай абыройлы қызмет иелерінің тынымсыз еңбегінің арқасында орнап келеді.