Батыр әкенің ізімен: Ұландық офицердің өнегелі жолы
15 маусым – елімізде Әкелер күні аталып өтеді. Бұл – әрбір адамның жүрегіне жақын, мағынасы терең мейрам. Себебі әке – әр баланың өміріндегі алғашқы ұстаз, сенімді тірек, өмірлік жол сілтер тұлға. Осы мереке қарсаңында Polisia.kz сайтының редакциясы 6637 әскери бөлімі командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары Шухрат Ашимовтың ұлы – Мансұрмен тілдескен едік.
Мансұрдың айтуынша, әскери қызметтің қиындығын ол бала жүрегімен сезіне біледі. Әкесінің кейде таң ата жұмысына кетіп, түн ортасында оралуы – отбасына деген емес, Отан алдындағы жауапкершіліктің көрінісі. Әкесі киген әскери форма – оның көзінде бейбіт өмір мен батырлықтың белгісіндей.
– Әкелер күні – мен үшін тек күнтізбеде белгіленген мереке емес, жүрекпен сезілетін, ерекше күн. Бұл – менің өмірімдегі ең ардақты жан – әкеме арналған күн. Әкем – Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының офицері. Оның ел тыныштығы мен халық қауіпсіздігі жолындағы тынымсыз еңбегі мен үшін ерліктің нағыз үлгісі, – дейді Мансұр.
Шынында да, ұландық офицердің ұлы болу – тек мәртебе емес, үлкен жауапкершілік. Бұл – ар-намыспен, тәрбиемен, сеніммен өлшенетін жол. Әкенің жүріп өткен ізі – баланың болашағына бағыт беретін шамшырақ іспетті.
– Әкем көп сөйлемейді. Бірақ оның әр сөзі – өмірлік сабақ. "Шыншыл бол, халқыңды сүй, еңбектен қорықпа" деген кеңесін өмірлік ұстаным ретінде қабылдадым. Оның қарапайым болмысы, адал қызметі – біз үшін мақтаныш. Мен әкемнің ұлы болғаныма шексіз қуаныштымын! – дейді ол.
Шынында да, ұландық офицердің ұлы болу – тек мәртебе емес, үлкен жауапкершілік. Бұл – ар-намыспен, тәрбиемен, сеніммен өлшенетін жол. Әкенің жүріп өткен ізі – баланың болашағына бағыт беретін шамшырақ іспетті.
Әкелер күні – әр отбасының тірегіне алғыс айту күні. Осы орайда, біз де барша әкелер қауымын шын жүректен мерекемен құттықтаймыз. Сіздер – отбасының қорғаны, ұрпақтың жол көрсетушісі!