Батырдың аманаты: ағасының жолын жалғаған Балжан
Қайғының қара бұлты үйірілген сәтте де үміт отын өшірмей, туған жеріне адал қызмет етуді өмірлік ұранына айналдырған жандар бар. Сондай жандардың бірі – Жұмаділовтер әулеті. Бұл әулеттің есімі – ерлік пен елдікке сіңген еңбектің жарқын бейнесі. Бұл оқиғаны Polisia.kz редакциясы баяндап береді.
2003 жылдың 19 сәуірі. Кешкілік уақытта Мақаншы аудандық полиция бөліміне шұғыл хабарлама келіп түседі: жазғы дәмханалардың бірінде мас адам қолына пышақ алып, келушілерге қауіп төндіріп жатыр. Төтенше жағдай орнына бірінші болып жеткен – учаскелік инспектор, полицияның аға лейтенанты Ержан Жұмаділов еді.
Ол бір сәтке де бөгелместен, дәмхана ішіне кіріп, тәртіп бұзушының жолын кесті. Екі бірдей пышақпен қаруланған бұзақы айналасына үрей шашып, адамдарға шабуыл жасауға ұмтылған. Ержан Слямқанұлы қызметтік борышын бәрінен биік қойып, жалғыз өзі қылмыскердің бетін қайтаруға кіріседі. Қауіп төніп тұрған жандарды арашалап қалу үшін ол ештеңеден тайынбай, қарулы қаскөймен бетпе-бет шайқасты.
Бұл қайсарлық – оның соңғы ерлігі болды. Полицей бірнеше пышақ жарақатын алып, оқиға орнында ерлікпен қаза тапты. Бұл күн – отбасына да, әріптестеріне де орны толмас қайғы, мәңгілік жара болып қалды. Алайда Ержанның бейнесі – әділет пен батырлықтың мәңгілік ескерткішіндей болып, жұрт жадында сақталып қалды.
Ағасының жарқын жолы мен ерлікке толы ғұмыры – қарындасы Балжан Жұмаділова үшін өмірлік шамшыраққа айналды. Ол ағасының ісін жалғастыруды өзінің бауырлық парызы санады. 2011 жылы полиция формасын киіп, Семей қаласындағы Ауэзов полиция бөлімінде кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспектор қызметін бастады.
Бүгінде Балжан Слямқанқызы – полиция майоры, Абай облысы полиция департаментінің Семей қалалық көші-қон қызметі басқармасында аға инспектор. Үш баланың анасы, қызметіне берілген маман, отбасының тірегі ретінде ол – ағасының аманатына адалдық танытып жүрген жан.
Оның күнделікті атқарып жүрген қызметі – жай ғана жұмыс емес, бұл – ағасына деген шексіз құрметтің, отбасы абыройын қорғаудың және елге адал қызмет етудің жарқын үлгісі.
Жұмаділовтер әулеті – ерлік пен адалдықтың айғағы, құқық қорғау саласына деген шынайы сенімнің символы. Бұл әулеттің тағылымды тарихы – жас буынға үлгі, ал ел тыныштығын күзеткен Ержанның есімі – жүректерде мәңгі сақталмақ.