Батыс Қазақстан облысында интернет арқылы есірткі таратқан қылмыстық топ әшкереленді
Батыс Қазақстан облысында интернет арқылы есірткі таратқан қылмыстық топ әшкереленді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасы басқа да полиция бөлімшелерімен бірлесіп жүргізген арнайы жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде, интернет желісі арқылы есірткі мен психотроптық заттарды заңсыз өткізумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекетін тоқтатты.
Тергеу барысында аталған қылмыстық топты Алматы қаласының тұрғыны ұйымдастырғаны анықталды. Ол интернет-дүкендер құру арқылы Батыс Қазақстан облысы аумағында есірткі заттарын таратуды жүйелі жолға қойған. Қабылданған жедел шаралардың нәтижесінде топтың төрт белсенді мүшесі ұсталды.
Ұсталғандардың бірі — 27 жастағы Алматы қаласының тұрғыны, ол қалааралық курьер ретінде Орал қаласына есірткі жеткізіп отырған. Жеке тінту кезінде оның үстінен 145 оралған есірткі дозасы тәркіленді.
Сондай-ақ Орал қаласының 25 жастағы тұрғыны, есірткі тасымалдау желісіндегі "оператор-қоймашы" рөлін атқарған азамат ұсталды. Оның пәтерінен мефедрон, марихуана, электронды таразы мен орау материалдары тәркіленді.
Қылмыстық схеманың тағы екі қатысушысы — Орал қаласының тұрғындары есірткі жасырушы ретінде анықталып, олардан 100 zip-пакетке салынған дайын есірткі заттары алынды.
Қазіргі уақытта топ ұйымдастырушысына қатысты ҚР ҚК 262-бабы 1-бөлігі бойынша (Ұйымдасқан қылмыстық топты құру және басқару), ал қалған қатысушыларға 262-баптың 2-бөлігі бойынша (Қылмыстық топтың құрамында әрекет ету) қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысы полиция департаменті басшылығының жіті бақылауында.
Жалпы алғанда, құқық қорғау органдары шамамен 1000 бір реттік дозаны заңсыз айналымға жіберудің жолын кесті. Қазіргі таңда ұйымдасқан топтың басқа да мүшелерін анықтау және жауапкершілікке тарту бойынша тергеу амалдары жалғасуда.