Батыс Қазақстан облысында нашақорлықтың алдын алу бойынша кеңес құрылды
Батыс Қазақстан облысында нашақорлықтың алдын алу бойынша кеңес құрылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу және үкіметтік емес ұйымдармен, қоғаммен ынтымақтастықты нығайту мақсатында кеңес құрамын бекітті. Бұл кеңес есірткі құралдары мен психотроптық заттардың таралуын тоқтатып, осы саладағы құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларын тиімді жүзеге асыруға бағытталған.
Кеңестің алғашқы отырысында есірткіге қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ жастар арасында есірткіге теріс көзқарас қалыптастыру мәселелері талқыланды. Кеңес мүшелері құқық қорғау органдары, білім беру және денсаулық сақтау мекемелері, сондай-ақ қоғамдық ұйымдар мен жұртшылықтың қатысуымен салауатты өмір салтын насихаттау, қоғамды оң әлеуметтік ортаға тарту бағытындағы шаралар бойынша пікір алмасты.
Кеңестің басты міндеті – тек заңнаманы бұзу фактілерін анықтап, оларды жою ғана емес, сонымен қатар жастардың және жалпы халықтың есірткіге деген теріс көзқарасын қалыптастыру, салауатты өмір салтын насихаттау, есірткіге қарсы күреске қоғамды кеңінен тарту. Бұл міндетті жүзеге асыру үшін әртүрлі сала өкілдерінің бірлескен жұмысы қажет.
Жыл басынан бері Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті қызметкерлері 58 есірткі қылмысын анықтады, оның ішінде 23 қылмыс және 35 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. 23 есірткі қылмысының 14-і есірткі сату фактілері, 2-і ірі мөлшерде есірткі заттарын сақтау, 3-і есірткі контрабандасы және 4-і есірткі құрамдас өсімдіктерді өсіру жөніндегі фактілер болып табылады.
Заңсыз айналымнан 11 кг 111 гр есірткі заттары тәркіленді.