Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Батыс Қазақстан облысында ҚАЖД мен ірі кәсіпорындар арасында жұмыс кездесуі өтті

Батыс Қазақстан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті өңірдегі жетекші өнеркәсіптік кәсіпорын өкілдерімен жұмыс кездесуін өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Аталған шараға "Болашақ" құрылыс компаниясы ЖШС, Орал трансформатор зауыты, Орал құю зауыты, "Батыс Мұнайгаз Жабдықтау" ЖШС, мұнай-газ құбырларын өндіретін зауыт, "Стекло Сервис" ЖШС – шыны және пластик өнімдерінің ірі өндірушісі, сондай-ақ Батыс Қазақстан облысын дамыту мақсатында шетелдік инвесторлармен жұмыс істейтін "Kazakh Invest" ұлттық компаниясының өкілдері қатысты.

Кездесудің негізгі тақырыбы — осы жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқасында Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді талқылау болды. Президент өз сөзінде сотталғандарды еңбекпен қамту, оларды қайта әлеуметтендіруге қолайлы жағдай жасау және кәсіби дағдыларын меңгерген күйде қоғамға оралуының маңыздылығына ерекше тоқталды.

Мемлект басшысы кәсіпкерлердің ҚАЖ мекемелері жанынан түрлі өндірістер ашу мүмкіндігін қарастыруы қажеттігі және мұндай өзара тиімді серіктестік шетелде кеңінен қолданылатындығы туралы айтқан болатын.

Кездесу барысында кәсіпкерлерге ҚАЖД мекемелерімен ынтымақтастық орнату, өндірістік учаскелер ашу және сотталғандарды еңбек қызметіне тарту жолдары ұсынылды.

Талқылау нәтижесінде бірқатар бизнес өкілдері қылмыстық-атқару мекемелерінің өндірістік алаңдарымен тікелей танысуға және болашақ бірлескен жобалар бойынша мүмкіндіктерді зерделеуге ниет білдірді.

Аталған бастама өңірдегі қылмыстық-атқару жүйесі мен бизнес-қоғамдастық арасында тұрақты әрі тиімді әріптестік орнатуға, сондай-ақ сотталғандарды әлеуметтік бейімдеу мен кәсіби даярлау міндеттерін іске асыруға бағытталған.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру