Батыс Қазақстан облысында ҚАЖД қызметкерлері сала ардагеріне құрмет көрсетті
Батыс Қазақстан облысында ҚАЖД қызметкерлері сала ардагеріне құрмет көрсетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақ халқы қашанда жасы үлкендерге құрмет көрсетіп, ізет білдіреді. Бұл дәстүр, әсіресе, Наурыз меймары қарсаңында жаңғырады. Кіші буын өкілдері қариялар мен данагөй тұлғалардың ақ батасын алып, көрші-қолаң бір-біріне "Жасың құтты болсын!", "Жасыңа жас қосылып, ғұмырың ұзақ болғай!" деп ізгі тілектерін жолдайды. Көрісу күні бұрынғы өкпе-реніш кешіріліп, араздық ұмытылады. Ел арасында татулық орнап, көпшілік бір-бірін дастарханға шақырып, жақындарына амандық, құт-береке тілейді.
Осы дәстүр аясында Батыс Қазақстан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бастығының орынбасары С.Утешкалиев бастаған бір топ қызметкер ҚАЖ саласының құрметті ардагері, запастағы әділет подполковнигі Әділхан Ермековке арнайы барып, құрмет көрсетті.
Ардагер 1960 жылдың 13 маусымында Батыс Қазақстан облысы Зеленов ауданы Зеленый ауылында дүниеге келген. Ол ұзақ жылдар бойы ҚАЖ саласында басшылық қызмет атқарып, елеулі еңбек сіңірген. Сонымен қатар Ауған соғысының ардагері.
Қызмет жолын 1981 жылы №4 тергеу изоляторында бақылаушы болып бастаған. Кейін №16 еңбекпен түзеу колониясында қызметін жалғастырып, 1994 жылдан бастап №4 тергеу изоляторы бастығының режим және жедел жұмыстары жөніндегі орынбасары болды. 1998 жылдан бастап осы мекеменің басшысы қызметін атқарды. 2006 жылы зейнеткерлікке шықты.
ҚАЖ саласының ардагеріне көрсетілген бұл құрмет – жас ұрпаққа үлгі боларлық игі іс.