Батысқазақстандық полицей алыптар сайысында жеңіп, «Толағай» атанды
БҚО-да полиция қызметкері «Толағай» алыптар сайысына қатысып, жеңімпаз атанды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Орал қаласындағы «Nur-er» туристік ат спорт кешенінде «Толағай» алыптар сайысынан облыс чемпионаты өтті. Ұлы даланың батырларын насихаттау, қазақтың этно-ойындарын дәріптеу мақсатында өткізілген турнирге Орал қаласы мен өңір аудандарынан жиналған білегі тоқпақтай, жауырыны қақпақтай 15 алып қатысты.
БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Орал қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен өткен жарысқа келген жігіттер 100 келіден асатын ауыр бөренені желкеге салып отырып-тұру, 100 келі қапты 1 минут ішінде екі қолмен иыққа салу, 100 келілік тасты межелі қашықтыққа дейін апару, жарты тонналық арбаны сүйреу, он келілік найзаны қашықтыққа лақтыру секілді бес сайыс түрінен сынға түсті.
Ірісі – 140, уағы – 86 келі тартатын жігіттер барлық сыннан мүдірмей өтуге тырысты. Әсіресе 100 келілік қапты иыққа салу жарысы қиынға соқты. Жалпы жарыстағы барлық тапсырмалар да жігіттерге оңайға соқпады.
Көпшілікке қара күш пен ерік-жігердің нағыз үлгісін көрсеткен сайыс қорытындысы бойынша «Облыс Толағайы» атағын БҚО полиция департаментінің қызметкері Александр Сомов жеңіп алды.
Жеңімпаз атанған спортшы қыркүйек айында Астана қаласында өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ел намысын қорғайды.