Бауырсақ ішіне флешка салып, тергеу изоляторына өткізбек болған әйел анықталды
Қызылорда облысында бауырсақ ішіне флешка салып, тергеу изоляторына өткізбек болған әйел анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №68 мекемесінде (тергеу изоляторы) сәлем-сауқат қабылдау бөлмесіндегі бақылаушы қызметкерлер тыйым салынған заттың ішкі ғимаратқа өтіп кетуінің алдын алды. Заңға қарсы іс-әрекетке бармақ болған Т. есімді 62 жастағы әйел қамауда отырған қызына флешка жеткізбекші болған.
Мекеменің қырағы бақылаушылары бұл егде жастағы әйел әкелген сәлем-сауқаттарын жіті тексеру барысында бауырсақ ішінен фольгаға оралған бір флешканы жасырып қойғанын анықтады. Осы факт бойынша хаттама толтырылып, іс сотқа жолданды.
Бүгінде сот шешімімен ҚР ӘҚБтК-нің 481-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, алғашқы рет жасалынғандықтан, әкімшілік ескерту берілді.