Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Базардан 9 дана телефон ұрланды

Түркістан облысының полицейлері ондаған телефон ұрлаған күдіктілерді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Төлеби АПБ-нің кезекші бөліміне Шымкент қаласының тұрғыны арызданады. Жәбірленушінің айтуынша, Леңгір қаласы базарының бірінде орналасқан оның дүкенінен тапа тал түсте белгісіз біреулер тоғыз дана ұялы телефондарын жымқырып кеткен. Осылайша дүкен иесіне миллион теңгеге жуық шығын келген. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша СДТБТ-ға тіркеліп, тәртіп сақшылары телефон ұрыларын іздеуге кірісті.

Ақпарат алысымен оқиға орнына бірден аудандық жедел-тергеу тобының қызметкерлері шықты. Полицейлер ұрыларды дер кезінде ұстауға қажетті шараларды іске асырды. Көрген-білгендерден жауап алып, жақын аймақтарды мұқият тексерді. Жедел уәкілдердің тындырымды әрекеттері арқасында осы ұрлықты жасаған үш күдікті 5-6 сағат ішінде ұсталды. Олардың екеуі жергілікті тұрғын болса, біреуі Жамбыл облысының тұрғыны болып шықты.

Тергеу күдіктілердің дүкенде сатушы жалғыз өзі болғанын және келушілердің көп екенін пайдаланып, телефондарды ұрлағанын анықтады. Содан күдіктілер ұрланған телефондардың бір бөлігін Леңгір, Тараз қалаларындағы ломбардтарға өткізген. Және тағы біреуін сатса, соңғы телефонды күдікті қолданып жүрген. Осылайша оңай жолмен ақша тапқысы келген жігіттер өз кінәларын толық мойындады. Полицейлер ұрланған ұялы телефондарды тәркілеп алып, заңды иесіне қайтарды. Күдіктілердің бас шарасы «қолхатта». Ұсталғандардың басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы анықталуда.

Түркістан облысының полицейлері дүкендер мен басқа да сауда орындарының иелеріне сақ болуға және өз мүліктерін қараусыз қалдырмауға кеңес береді. Сондай-ақ, мүмкіндігінше бейнебақылау камералары мен қауіпсіздік дабылдарын орнатқан жөн екенін ескертеді. Егер сіз ұрлықтың немесе тонаудың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада «102» телефонына хабарласыңыздар.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру