Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Бейбіт күннің батыры Олжас Әбенов: «Аттылы адамды құтқару үшін мұзды суға секірдім»

Қостанай облысында су тасқыны басталғалы бері тілсіз жаумен күрескен ауыл тұрғындарына тынбай көмек қолын созып келе жатқан учаскелік полицейдің еңбегі туралы Polisia.kz редакциясы айтып береді.

Учаскелік полицей Олжас Әбенов алғашқы күннен бастап Қостанай облысы Жангелдин ауданындағы су тасқынына қарсы күресте ауыл тұрғындарына көмек көрсетіп келеді.

Ол құтқарушылармен бірге Көлкамыс, Көкалат және Аралбай ауылдарындағы адамдарды қауіпсіз жерге көшіру жұмыстарына қатысты.

Топан су елдімекенге 27 наурызда келген болатын.

– Мен бұл ауылдарда бесінші жыл қызмет етіп келемін. Әр қыстауды және шаруа қожалықтарын жақсы білемін. Тұрғындарды эвакуациялау басталған кезде мен құтқарушыларға адамдар қалып қоюы мүмкін болған жерлерді көрсеттім, – дейді учаскелік полицей.

Айта кету керек, бұл аумақтарда барлығы 37 шаруа қожалығы және 25 қыстау бар. Оның 12-сінде адамдар тұрақты түрде қоныстанған.

– Тәулік бойы адамдар мен жануарларды қауіпсіз жерге көшіру жұмыстарымен айналыстық. Ұйқыға да уақыт болған жоқ. Осындай шұғыл жағдайда алғаш рет жұмыс істедім. Мен эвакуацияланған елдімекен тұрғындарының ауылда қалған мүлкін қадағалап, тәртіпті сақтауым керек болды, – дейді Олжас Әбенов.

Учаскелік полицей құтқарушылармен бірге азық-түлік пен қажетті заттарды Көкалат қыстағының тұрғындарына жеткізіп отырған. Ауыл тұрғындары Олжас Әбеновты су басқан жолды көзін жұмып та таба алатындығын айтып қалдыңдасады.

Көлқамыс ауылы тұрғындарын эвакуациялау кезінде 2 айлық баласы бар әйел қайыққа мінуге сескеніп, үйінен кеткісі келмеген сәтті Олжас Әбенов сұхбаттасу барысында есіне алды.  

Осы тұста полиция қызметкері психолог рөлінде әрекет етіп, оны қайыққа отыруға көндіре алған. Топан суды 1,5 шақырымды қайықпен жүзіп өтіп, жаңа туған нәрестесі бар әйел қауіпсіз жерге жеткізілді.

– Туып-өскен үйінен кеткісі келмеген қарт адамдар да кездесті. Адам өміріне қауіп төнгендіктен, мен оларға бұл жерден кету керек деп талап еттім, – дейді Олжас.

Біраз уақыттан кейін Аралбай ауылынан 3 шақырым жерде орналасқан Қазыбай қыстағын эвакуациялау кезінде полиция қызметкері ат үстінде отырған ауыл тұрғынын құтқару операциясына қатысты.

– Судың тереңдігі шамамен бір жарым метр болды. Жылқы адаммен бірге суға белшесінен батып бара жатты. Оларды құтқару үшін мұзды суға секіруге тура келді, – деп еске алады учаскелік полиция қызметкері.

Бүгінгі таңда Көлкамыс, Аралбай ауылдарындағы жағдай тұрақталды. Тұрғындар эвакуациялық пункттерден кетіп, үйлеріне тікұшақпен жеткізіліп жатыр. Себебі елдімекендерге апаратын жол әлі де су астында.

Қазір учаскелік полицей Олжас Әбенов құтқарушылармен бірге жұмыс атқарып жатыр. Адамдарды қайықпен тасымалдауға көмектесіп, су ортасында қалған қыстақтарға азық-түлік жеткізуді ұйымдастыруға қатысып жүр.

Ол өзі Көкалат ауылында тұрады. Бұл ауылды жергілікті халық бірлесіп, су тасқынынан аман алып қалды. Себебі тұрғындар мен жергілікті билік және полицейлер мен құтқарушылар топырақ салған қапшықтарды кірпіш қалағандай тізіп қойған.

Полиция капитаны Олжас Әбенов 8 жасар ұл мен 6 жасар қыз тәрбиелеп отыр.

– Қазір жұбайымның аяғы ауыр. Мен отбасымды бір ай бұрын облыс орталығына, туыстарыма жібердім. Жақын адамдарыммен WhatsApp арқылы байланыс жасап отырамын. Оларды қатты сағындым, – деп мойындады полиция қызметкері.

Осы қиын кезеңде Олжас батылдық пен қайсарлықтың нақты үлгісін көрсете алды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру