Белгіленген шектеулерді бұзғандар жауапқа тартылды
Түркістан облысы Сайрам ауданында 13 блок-бекет қойылды, полицейлер 20-дан астам тұрғынды әкімшілік жауапкершілікке тартты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Төтенше жағдай режимі енгізілгелі Сайрам ауданы аумағында жол қауіпсіздігін, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында ауданға және елді мекендерге кіріп-шығу жолдарында 12 санитарлық блок бекет орналастырылып, бір обсервация госпиталі жұмыс жасап жатыр.
Атап айтсақ, «Ақсукент», «Манкент», «Мәртөбе», «Ақбастау», «Қарабұлақ», «Қожақорған», «Қосбұлақ», «Әсіл», «Құтарыс», «Қарамұрт», Алматы – Термез тасжолындағы «Құрлық», «Бозарық» бекеттері мен Ақсукент ауылындағы «Обсервация» госпиталі.
Бүкіл елді дүрліктірген індеттің таралмауына орай полиция қызметкерлері тәулігіне 13-14 сағат ауысыммен жұмыс істейді. Патрульдер аулаларды аралап, бақылау-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Осындай қиын шақта тұрғындар арасынан және полицейлердің көмекшілерінен еріктілердің мобильді тобы құрылып, көмек көрсетіп келеді.
Блок-бекеттерден азық-түлік пен өзге де тіршілікке қажет тауар түрлерін тасымалдаушылар тоқтаусыз өткізіледі. Сонымен қатар кіріп-шығуына рұқсаты барларға да кедергі жоқ.
Сайрам ауданы – Түркістан облысындағы халқы тығыз орналасқан, оған қоса Шымкент қаласымен шектесіп жатқан өңір. 220 мыңнан аса халқы бар Сайрам ауданының қоғамдық тәртібін 100-ден аса полиция қызметкері қорғайды. Әрине, бұл жеткілікті емес. Сол себепті ТЖ кезіндегі карантин шараларын сақтауда полицейлерге үлкен міндет жүктеліп отыр. Әсіресе кіріп-шығу бекетінде жол қозғалысы қызып тұр. Блок -бекеттерден бөлек, елді мекендер мен көшелерде патрульдеу, қылмыстарды ашу, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу үлкен төзімділік пен физикалық күшті талап етеді. Барлық үгіт-насихат, түсіндіру жұмыстарына және ескертулерге қарамастан, тұрғындар тарапынан орын алатын тәртіп пен құқықбұзушылық әрекеттер болып тұр.
Төтенше жағдай режимі жарияланған сәттен бастап Сайрам ауданының полиция қызметкерлерімен 22 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.
Нақтырақ айтсақ, ТЖ кезінде белгіленген шектеулерді бұза отырып, азық-түлік дүкендері мен кафелер жұмыс істегені үшін, оның иелері (сегіз тұлға) 10 АЕК айыппұл төлеуден бастап екі тәулікке дейінгі әкімшілік қамаққа алынып, әкімшілік жазаға тартылды.
Үш адамнан аса жолаушы алып, такси қызметін көрсеткені үшін ер адам аудандық соттың қаулысымен ескерту алды. Сонымен қатар бетпердесіз қызмет көрсеткен сегіз сатушы, базар мен асханаларда заңсыз жұмыс істеген 4 адам, тұрғындарды жинап алып, жиналыс өткізген тұрғын әкімшілік шараға тартылды.
Полицияның міндеті – жазалау емес, алдын алу. Алайда тәртіпке бағынбай, ТЖ талаптарына мойынсынбай, өзгелердің денсаулығына қауіп төндіру жағдайын туындатқандар үшін полиция осындай қатаң шараларға баруға мәжбүр.
Сайрам ауданының полиция басқармасы ескертеді: кәмелетке толмағандарға ересектерсіз жүруге тыйым салынады, отбасы мүшелерін қоспағанда, көшелерде үш адамнан артық жиналуға рұқсат етілмейді, аса қажет болмаса, азаматтардың тұрғын үйден шығуы шектеліп, көшеде бетпердесіз жүруге болмайды.
Төтенше жағдай режимін және шектеу шараларын қасақана бұзған жағдайда тиісті заңнамаға сәйкес шара қолданылады.
Тұрғындардың қауіпсіздігі үшін қабылданып жатқан шараларға түсіністікпен қарап, сабырлық танытып, тәртіпке бағынуды сұраймыз.