"Белгісіз қоңырауларға сенбеңіз!": полиция тұрғындарды қырағылыққа шақырады
Ақмола полицейлері тұрғындарды қырағылыққа шақырады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
22 сәуірде Көкшетау қалалық полиция басқармасына алаяқтық дерегі бойынша жергілікті тұрғыннан арыз түсті. Жәбірленушінің айтуынша, таңертең оған белгісіз біреу қоңырау шалып, өзін "интернет-алаяқтықтан қорғау жөніндегі қызметкермін" деп таныстырған.
Алаяқ әйелдің атына бес банктен несие рәсімделіп жатқанын айтып, оны тоқтату үшін жедел түрде жаңа несие алып, арнайы картаға ақша аударуды талап еткен. Алаяқтың нұсқауын орындаған әйел банкке барып, 10 миллион теңге көлемінде несие рәсімдеп, ашылған жаңа картаға ақшаны аударған.
Кейін әлгі адам қайта хабарласып, несиені жабу үшін карта нөмірі мен SMS-кодты сұраған. Қажетті деректерді бергеннен кейін, жәбірленушінің шотынан барлық қаражат шешіп алынған.
Аталған факт бойынша ҚР ҚК 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Полиция тұрғындарды мұндай жағдайларда аса сақ болуға шақырады. Ешқашан бейтаныс адамдарға карта нөмірін, PIN-кодты, SMS арқылы келетін растау кодтарын және жеке деректеріңізді телефон арқылы хабарламаңыз.
Күмәнді қоңырау түскен жағдайда, әңгімені дереу тоқтатып, аталған ұйымның немесе банктің ресми байланыс нөміріне өзіңіз қоңырау шалыңыз.
Сондай-ақ полиция қызметкерлері тұрғындарды егде жастағы туыстарымен түсіндіру жұмыстарын жүргізуге шақырады – алаяқтар көбінесе дәл осы санаттағы азаматтарды нысанаға алады. Қырағылық – қауіпсіздіктің кепілі.