Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Бес жылдан бері салауатты өмір салтын ұстанып келе жатқан жетісулық ауыл

Жетісу облысының Ескелді ауданына қарасты Биғаш ауылы бес жылдан астам уақыт бойы спирттік ішімдіктерден саналы түрде бас тартып, салауатты өмір салтын берік ұстанып келеді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Бұл – уақытша науқан немесе сырттан таңылған талап емес, ауыл ақсақалдары мен абыз қарияларының бастамасымен қалыптасқан, тұрғындардың ортақ өмірлік ұстанымына айналған саналы шешім.

https://youtu.be/Fv3y5Ycisus

Бұл таңдаудың нәтижесі қоғамдық тәртіптің сыртқы бақылаудан емес, ішкі мәдениет пен жеке жауапкершіліктен басталатынын айқын көрсетті. Соңғы жылдары ауыл аумағында бірде-бір қылмыс тіркелмеген. Мұның өзі Биғаш тұрғындарының заң мен тәртіпке деген құрметінің жоғары деңгейін дәлелдейді. Ауылда бейбіт өмір, өзара сыйластық пен сенімге негізделген орта қалыптасқан.

Ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан ұлттық дәстүр мен өмірлік даналықты берік ұстанған ақсақалдар ауыл халқына қарапайым, бірақ аса маңызды қағиданы ұғындыра білді: тәртіп ешқашан күшпен орнықпайды, ол ең әуелі адамның өз ішінен бастау алады. Ақсақалдардың ақылы – бағыт-бағдар болса, олардың өнегелі өмірі – тұрақты өзгерістердің сенімді тірегі.

Бүгінде Биғаш ауылы тәртіптің, жауапкершіліктің және рухани кемелдіктің жарқын үлгісіне айналды. Қай жерде тәртіп орнаса, сол жерде заң үстемдік етеді. Ал заңды қоғамның өзі қолдаған ортада шынайы береке мен бірлік нығаяды.

Биғаш ауылы – бірлікке, дәстүрге деген құрмет пен саналы таңдауға сүйене отырып, өмірді жақсы жаққа өзгертуге болатынын дәлелдеген өңірдің шынайы мақтанышы.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру