Бетті тұмшалауға тиым: СҚО-да полицейлер заң нормасын түсіндірді
Бетті тұмшалауға тиым: СҚО-да полицейлер заң нормасын түсіндірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер жаңа заңнамалық нормаға қатысты түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда. 2025 жылғы 12 шілдеден бастап Қазақстанда қоғамдық орындарда адамның бет-әлпетін тануға кедергі келтіретін киімдерді киюге тыйым салынды.
Жаңа талаптың негізгі мақсаты – қоғамдық қауіпсіздікті нығайту. Бұл үшін бейнебақылау жүйелерін қоса алғанда, адамның тұлғасын айқын анықтау мүмкіндігі қажет. Заң адамның жүзін толықтай жауып, жеке басын анықтауға кедергі келтіретін киім элементтеріне ғана қатысты. Мысалы: балаклава, бетперде, никаб.
Айта кету керек, жаңа норма бет-әлпетті жаппайтын діни киімдерге қатысы жоқ. Сондай-ақ ауа райының қолайсыздығына, медициналық көрсеткіштерге, қызметтік міндеттерді орындауға, азаматтық қорғау талаптарына, спорттық және мәдени-көпшілік іс-шараларға қатысуға байланысты ерекшеліктер қарастырылған.
Полиция басты назарды азаматтарды ақпараттандыру мен алдын алу шараларына аударады. Учаскелік инспекторлар күн сайын тұрғын үй секторларын аралап, еңбек ұжымдарымен және студенттермен кездесіп, жаңа заңның негізгі ережелерін түсіндіруде. Сонымен қатар полицейлер азаматтарға мүліктік қылмыстар мен интернет-алаяқтардың құрбаны болмау жолдары жөнінде ескертулер жасайды.
Қоғам аталған норманың енгізілуіне түсіністікпен әрі азаматтық жауапкершілікпен қарайды деп күтілуде.