Білім күні 12 мыңнан астам полиция қызметкері ел мектептерінде қауіпсіздікті қамтамасыз етті
Бүгін еліміздің барлық мектептерінде алғашқы қоңырау соғылды. Маңызды күнге орай Ішкі істер министрлігі қауіпсіздік шараларын күшейтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Әр оқу орнына екі полиция қызметкері және департаменттер мен бөлімдер басшылығынан жауапты адамдар бекітілді. Патрульдік нарядтар іс-шаралар өткізілетін орындарға барынша жақын болды.
Бұл күні қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін барлығы 12 мыңнан астам полиция қызметкері мен 2,5 мыңнан астам қызметтік автокөлік жұмылдырылды. Оқушылар үшін арнайы 8 мыңнан астам дәріс ұйымдастырылды. Онда қауіпсіздік шаралары мен жол жүрісі қағидаларын сақтаудың маңызы туралы айтылды.
Сондай-ақ іс-шараларға 40 мыңнан астам оқушыны қамтитын қозғалыстың жас инспекторлары отрядтары қатысты. Олар құрдастарының арасында жол ережесін сақтауды белсенді түрде насихаттайды.
ІІМ бірінші сынып оқушыларын да назардан тыс қалдырмады. Оларға профилактикалық сипаттағы 360 мыңнан астам арнайы брошюра-бояғыштар таратылды. Бұл балаларға жолдардағы қауіпсіздік пен дұрыс мінез-құлықтың маңыздылығын түсінуге көмектеседі.
Білім күні қоғамдық тәртіптің бұзылуына жол берілмеді.