Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Білім күні: Қарағанды облысында полицейлер мектептерде қауіпсіздік шараларын күшейтті

Қарағанды облысында ПД бастығы алғашқы қоңырау салтанатында ата-аналар мен ұстаздарға үн қатты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Еліміздегі барлық мектепте Білім күніне арналған алғашқы қоңырау салтанаты өтті. Оқушылардың жолда және қоғамдық орындарда қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Қарағанды облысындағы барлық білім беру мекемелеріне полиция қызметкерлері тартылды.

Осыған орай Шәкәрім Құдайбердіұлы атындағы №93 мектеп-гимназиясында өткен салтанатты шараға Қарағанды облысының полиция департаментінің бастығы Негмет Исмагулов қатысып, оқушылар мен ұстаздарды құттықтады.

– Баршаңызды жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Әсіресе, мектеп табалдырығын алғаш аттап отырған бүлдіршіндерімізге сәттілік тілеймін. Бұл – олардың өміріндегі үлкен қадам, жаңа білім мен тәрбиенің бастауы. Құрметті ата-аналар мен ұстаздар, балаларымыздың қауіпсіздігі – бәріміз үшін ең басты міндет. Полиция департаменті әрқашан сіздермен бірге, біздің басты мақсатымыз – қоғам тыныштығы мен өскелең ұрпақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сондықтан балаларға жолда жүру ережелерін, құқық бұзушылыққа жол бермеуді және қоғамдық орындарда өзін дұрыс ұстауды жиі еске салып отыруларыңызды сұраймын, – деді департамент бастығы.

Салтанатты жиыннан кейін Негмет Исмагулов мектеп директоры Аягүл Нұрбайқызымен бірге 1-сынып оқушыларының сабағына қатысты. Жас оқушыларға ювеналдық полиция инспекторлары жол қозғалысы қауіпсіздігіне арналған бояу-суреттер таратып, танымдық сабақ өткізді.

Қауіпсіздікке бағытталған осындай іс-шаралар облыстың барлық білім ордасында ұйымдастырылды. Департамент бастығының орынбасары Жасқайрат Қайыров Қаныш Сәтбаев атындағы №38 мектеп-гимназиясында жас бүлдіршіндерді құттықтап, ата-аналарға жылы лебізін білдірсе, Нығмет Нұрмақов атындағы мектеп-интернатта қауіпсіздік шараларына баса назар аударып, бейнебақылау жүйелерінің жұмысын тексерді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру