Бір ауданның тыныштығы - учаскелік инспектордың жауапкершілігінде
Көбіне көзге көріне бермейтін, бірақ әрдайым халықпен бірге болатын қызмет бар. Бұл – учаскелік инспектор еңбегі. Ол үшін әр күн бір ауданның тыныштығы мен азаматтардың сенімін сақтау жолындағы күрестен басталады. Толығырақ Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.
Талдықорған қаласындағы №6 тірек пунктінде таң әрдайым тыныштықтан бастала бермейді. Жеке құрамды сапқа тұрғызу, алдағы міндеттерді айқындау, жедел жағдайды нақтылау - Талдықорған қаласы полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторы Әділет Абдрамановтың жұмыс күні азаматтардың алғашқы өтініштері тіркелмей тұрып-ақ басталады. Бұл оның қалыптасқан қызмет ырғағы. Себебі әрбір жаңа күн бір тұтас шағын ауданның тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін жауапкершілік жүктейді.
Учаскелік инспектор - жай ғана қызмет иесі емес. Бұл - қиындыққа тап болған, алаң мен әділдікке деген үмітін арқалаған адамдардың жүгін бөлісетін тұлға. Күн сайын тірек пунктінің есігін ондаған азамат аттайды: біреулер отбасылық-тұрмыстық жанжалдың түйінін шешуге көмек сұраса, енді біреулер құқық бұзушылық туралы хабарлайды, ал кейбірі қарапайым адамгершілік кеңеске зәру. Әрбір өтініштің артында тағдыр, эмоция және жедел әрі әділ шешімге деген сенім жатыр.
Учаскелік қызмет әмбебаптықты талап етеді. Ол бір сәтте жедел қызметкер, анықтаушы, тіпті криминалистің де міндетін атқара алады. Мұнда тар аяда мамандану жоқ - кез келген жағдайға дайын болу, білім мен тәжірибені ұштастыра білу қажет. Алдын алу әңгімесінен бастап қылмыстық құқық бұзушылыққа жедел ден қоюға дейінгі әрбір әрекет сабырлылық пен кәсіби шеберлікті талап етеді.
Бүгінде заманауи технологиялар қызметтің тиімділігін арттыра түсуде. Цифрлық шешімдер, оның ішінде ұшқышсыз ұшу аппараттары учаскелік инспекторлардың сенімді көмекшісіне айналған. Олардың көмегімен қоғамдық орындарда темекі шегу, қоқыс тастау секілді ұсақ құқық бұзушылықтардан бастап заңсыз әрекеттердің белгілерін жедел анықтауға мүмкіндік бар. Техника көбірек көруге, тезірек шешім қабылдауға жол ашады.
Дегенмен, ең озық технологияның өзі басты құндылықты - тірі қарым-қатынас пен адамдардың сенімін алмастыра алмайды. Әділет Нұрғалиұлын учаскеде көпшілік жақсы таниды: дүкен иелері, тұрғындар, ПИК өкілдері. Ол құқық бұзушылықтың алдын алуға күн сайын жеке көңіл бөліп, қоғамдық қауіпсіздіктің ең тиімді жолы - профилактика екеніне берік сенеді.
Күн соңында атқарылған жұмыс қорытындыланып, есептер жасалып, ахуалға талдау жүргізіледі. Алайда қызмет мұнымен аяқталмайды. Учаскелік инспектордың телефоны тәулік бойы қосулы. Себебі көмек дәл сол сәтте қажет болуы мүмкін.
Біз бүгін учаскелік инспектордың бір ғана жұмыс күнінен шағын көрініс көрдік. Ал оның артында - жылдар бойы жинақталған тәжірибе, ұйқысыз түндер және өз аумағын қауіпсіз етуге деген шынайы жанашырлық жатыр. Осындай азаматтар - нағыз құқық тәртібінің сақшылары, халықтың сенімді серігі әрі қоғамның берік тірегі.
