Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Бірлік күні: Алматы облысында патриоттық жарыс ұйымдастырылды

Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында Ұйғыр ауданында жергілікті полиция бөлімінің бастамасымен патриоттық бағыттағы спорттық іс-шара өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

"Бейбітшілік пен бірлік" атауымен ұйымдастырылған жарысқа әртүрлі мектептер мен ұлт өкілдерінен тұратын әскери-патриоттық сыныптардан 100-ден астам оқушы жиналды. Жалпы алғанда 9 ұлт өкілінен құралған 6 команда қатысты. Бұл жарыстың негізгі мақсаты – Қазақстан халқы арасындағы достықты, ынтымақты және өзара құрметті насихаттау екенін тағы бір мәрте көрсетті.

Жарыс бағдарламасы ұлттық дәстүрлер мен патриоттық рухты дәріптеуге бағытталды. Қатысушылар асық ату, тоғызқұмалақ, арқан тарту және ептілік пен төзімділікке арналған эстафета сынды сайыстарда спорттық дайындықтарын, ұйымшылдықтарын паш етті.

Әр команда өз сыныбын таныстырудан бастады, онда олар өздерінің патриоттық рухын, мәдениетіне деген құрметін және туған жерге қызмет етуге дайындығын қысқаша, бірақ айқын түрде көрсетті. Мектеп оқушылары жоғары тәртіпті, спорттық шеберлік пен достық сезімдерін биік деңгейде танытты.

– Іс-шараның мақсаты – өскелең ұрпақтың бойында ұлттық сананы қалыптастыру, ұлтаралық келісімді нығайту, мемлекеттік рәміздерге, әскери қызметке және құқық қорғау органдарына деген құрметті тәрбиелеу, – деді ұйымдастырушылар.

Жарыс қорытындысы бойынша Ж.Құдайбергенов атындағы №2 орта мектептің "Жас сақшы" кадет сыныбы үшінші орынды иеленді. Абай атындағы мектеп-гимназиясының "Жас сарбаз" сыныбы екінші орынды жеңіп алды. Ал жеңімпаз атанған — И.Молотов атындағы №3 орта мектептің "Жас өрт сөндірушілер" кадет сыныбы.

Барлық қатысушы алғыс хаттармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Жеңімпаздар мақтау қағаздары мен бағалы сыйлықтарға ие болды. Шара соңында ұйымдастырушылар мектеп директорларына, сынып жетекшілеріне және оқушылардың өздеріне белсенділік танытып, жоғары дайындықтары үшін алғыстарын білдірді.

– Мұндай іс-шаралар балалардың бойында азаматтық жауапкершілік сезімін, Отанға деген сүйіспеншілікті және барша қазақстандықтардың бірлігінің маңыздылығын түсінуді дамытуда маңызды рөл атқарады, – деп қорытындылады полицейлер.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру