Бірлік пен тәртіп: ШҚО-да тағы бір ауыл салауатты өмір салтын қолдады
ШҚО-да тағы бір ауыл ішімдіктен бас тартты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
19 қаңтарда Жаңаауыл ауылдық мәдениет үйінде "Заң үстемдігі – қоғам тұрақтылығының кепілі" тақырыбында кездесу өтті. Іс-шараға құқық қорғау органдарының өкілдері, ауыл тұрғындары мен қоғамдық ұйым мүшелері қатысып, жиынға барлығы 96 адам жиналды. Кездесу қорытындысы бойынша ауыл тұрғындары елді мекенді арақ ішпейтін ауылдар қатарына енгізу жөніндегі ұсынысты бірауыздан қолдады.
Кездесу барысында қоғамдық тәртіпті нығайту, алкогольдік ішімдіктерге байланысты құқықбұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ алаяқтық қылмыстардың профилактикасы мәселелері жан-жақты талқыланды. Қатысушылар арақтан бас тарту – бұл тыйым емес, отбасындағы тыныштықты, қоғамдағы қауіпсіздікті және өскелең ұрпақтың жарқын болашағын қамтамасыз етуге бағытталған саналы таңдау екенін атап өтті.
Аталған бастаманы ақсақалдар кеңесі, Аналар кеңесі, діни бірлестік өкілдері, білім беру саласының қызметкерлері және құқық қорғау органдары қолдады. Полиция қызметкерлері тұрмыстық құқықбұзушылықтардың басым бөлігі алкогольдік мас күйінде жасалатынын айтып, алдын алу жұмыстарының маңыздылығына тоқталды.
Қазіргі таңда Жаңаауыл ауылында 661 тұрғын бар. Қ.Ақынов атындағы орта мектепте 83 оқушы білім алуда. Бүгінде Жаңаауыл Шығыс Қазақстан облысы бойынша «Арақ ішпейтін ауылдар» бастамасына ресми түрде қосылған жиырма бірінші мекен болып отыр.
