Бірнеше ұрлыққа қатысы бар 2 петропавлдық қамауға алынды
Петропавл полицейлері бірнеше ұрлықты ашты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Петропавл полицейлері қалалық екі тұрғынды ұстап, бірнеше мүліктік ұрлықтардың жолын кесті.
«Океан» сауда үйі маңындағы бутикте жасалған ұрлықты ашу бойынша жұмыс жүргізген Петропавл қ. ПБ Екінші полиция бөлімінің жедел уәкілдері екі күдіктінің ізіне түсті. Олар бұрын сотталған 35 пен 38 жастағы қала тұрғыны болып шықты. Оларды анықтауға бейнебақылау камераларының септігі тиді. Бірнеше күн бұрын күдіктілердің бейнесі қаланың басқа жерінде камераға іліккен, олар жеке меншік үйден құны 150 мың теңгенің зергерлік бұйымдарын қолды қылған. Сонымен қатар, ұсталғандардың қаладағы базарлардың біріне тауар тасымалдаған жүк көліктерінің салондарынан ұялы телефондардың ұрлығына қатысы бары анықталды.
Аталған фактілер ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 1 және 3-бөліктері (Ұрлық) бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Ұрланған заттардың бір бөлігі тәркіленді, күдіктілерге қатысты қамаққа алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.
– Бейнебақылау мүліктік қылмыстарды ашу мен алдын алудың сенімді құралы болып табылады. Автокөліктердің салонынан жасалған ұрлықтарға қатысты қарапайым сақтық шараларын ұстанған жөн. Көліктерде ақша, құжаттар мен құнды заттарды қалдырмау керек. Қала тұрғындарынан қырағылық танытып, өз мүліктерінің сақталуына жауапкершілікпен қарауды сұраймыз, – деді Екінші ПБ бастығы Руслан Сыздықов.