Бірнеше ұрлыққа қатысы бар Балқаш қаласының тұрғыны ұсталды
Бірнеше ұрлыққа қатысы бар Балқаш қаласының тұрғыны ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
1 маусымда 62 жастағы зейнеткер Қарағанды облысы Балқаш қаласының полиция бөліміне хабарласып, белгісіз біреу жеке үйдің ауласында орналасқан сарайға кіріп, екі газ баллонын ұрлап кеткенін айтты. Келтірілген шығын мөлшері 30 мың теңгені құрайды.
Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында криминалдық полиция қызметкерлері күдікті – 32 жастағы ер адамды анықтап, ұстады. Ол кінәсін мойындады.
Сотқа дейінгі тергеу барысында күдіктінің 31 мамырда болған тағы бір ұрлыққа қатысы бар екені белгілі болды. Бұл жолы көп қабатты үйдің жертөлесіне кіріп, құны 35 мың теңгені құрайтын дәнекерлеу машинасын ұрлаған.
ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы (Ұрлық) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.