Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Биыл Алматы облысында полиция 8 есірткі зертханасын жойды

2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында Алматы облысында полицейлер заңсыз айналымнан бір тоннадан астам есірткі затын тәркіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.

"Қарасора - 2025" жедел алдын алу іс-шарасының аралық нәтижелері туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Бағдат Әшімов мәлімдеді.

– Жыл басынан бері есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы 111 есірткіге қатысты құқық бұзушылықты анықтады. Оның 66-сы – қылмыстық іс. Олардың қатарында аса ірі көлемде сақтау, сату, дайындау және есірткі жарнамасы бар. Заңсыз айналымнан бір тоннадан астам есірткі тәркіленді. Атап айтқанда, 164 келі синтетикалық есірткі, 21 келі марихуана, 9 келі гашиш, 242 грамм героин және 900 келі жабайы қарасора, – деді Бағдат Әшімов.

Полицейлер 8 бірдей есірткі зертханасын жойды. Олардың екеуі синтетикалық есірткі өндіруге маманданған болса, қалғандары құрамында есірткісі бар өсімдіктерді заңсыз өсірумен айналысқан.

1 маусымнан бастап облыс аумағында кең ауқымды "Қарасора - 2025" жедел алдын алу іс-шарасы басталды. Шараның мақсаты – заңсыз егістіктерді анықтап, жабайы қарасораны жою, транзиттік арналарды кесу және ұйымдасқан қылмыстық топтарды әшкерелеу.

– Операция басталғалы 12 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді. Олардың ішінде – сату, аса ірі көлемде сақтау және заңсыз өсіру фактілері бар. Мысалы, Іле ауданында сату фактісі, ал Талғар ауданында есірткіні сақтау бойынша 9 дерек тіркелді, оның екеуі – аса ірі көлемде, – деді Б.Әшімов.

Бақылауды күшейту мақсатында Алматы – Бішкек және Алматы – Өскемен тасжолдарында түнгі жылжымалы екі бірдей блокбекет қойылды. Сол арқылы арқылы күн сайын жүздеген көліктің әрқайсысы мұқият тексеріледі.

– "Қарасора - 2025" іс-шарасы - бір реттік шара емес, жүйелі жұмыс. Біздің мақсатымыз – тек тәркілеу ғана емес, есірткі жеткізу мен тарату арналарына түбегейлі тосқауыл қою. Тек полиция, мемлекеттік органдар мен қоғамның бірлескен әрекеті арқылы ғана біз есірткі қылмысына лайықты тойтарыс бере аламыз, – деп атап өтті Б.Әшімов.

Полицейлер жедел іс-шараларды жалғастыра отырып, азаматтарды қырағы болуға шақырады. Есірткіге қатысты күмәнді деректер туралы 102 нөміріне анонимді түрде хабарлауға болады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру