Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Биыл Ақмола облысында жаяу жүргіншілердің кінәсінен жеті ЖКО тіркелген

Биыл Ақмола облысында жаяу жүргіншілердің кінәсінен жеті ЖКО тіркелген, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жыл басынан бері Ақмола облысында жаяу жүргіншілердің кінәсінен жеті жол апаты болған. Онда 6 адам түрлі жарақат алды, бір адам қаза тапты. Жалпы, жаяу жүргіншілердің қатысуымен 44 жол-көлік оқиғасы болған. Сондай-ақ осы кезеңде жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін 8 мыңнан астам жаяу жүргінші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде жаяу жүргіншілер мен жол жүрісіне өзге де қатысушылардың жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету қағидаларында белгіленген талаптарды орындамағаны үшін 2 (АЕК) 6900 теңге мөлшерінде айыппұл көзделген. Егер жол қозғалысы ережелерін бұзған кезде жаяу жүргінші жәбірленушінің денсаулығына зиян келтірсе, онда қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері немесе материалдық залал болмаса, онда айыппұл 34 500 теңге (10 АЕК) болады. Жаяу жүргіншілердің жол жүрісінің белгіленген ережелерін жүйелі түрде бұзуы 20 АЕК (69 мың теңге) мөлшерінде айыппұл салуға не 3 тәулікке әкімшілік қамауға алуға әкеп соғады.

Жаяу жүргіншілердің негізгі бұзушылықтарының қатарына жолдың рұқсат етілмеген бөлігінен өтуі, тоқтап тұрған көліктер мен басқа да кедергілерге байланысты жолдан кенеттен шығуы жатады. Осыған байланысты полицейлер «Қауіпсіз жол», «Назар аударыңыз – жаяу жүргінші» сияқты профилактикалық іс-шараларды тұрақты негізде жүргізеді. Апатқа ұшыраған жерлерде жергілікті полиция қызметінің инспекторлары дауыс зорайтқыш құрылғылары арқылы Жол жүрісінің белгіленген ережелерін сақтау қажеттілігі туралы құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

Мұндай іс-шаралардың негізгі міндеттері – жаяу жүргіншілердің қатысуымен болатын жол апаттарының алдын алу, жол қозғалысына қатысушылар арасында өзара сыпайылықты насихаттау, сондай-ақ жолдағы қауіпсіздікті арттыру. Жолдың рұқсат етілмеген бөлігінен өтетін немесе бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кететін жаяу жүргіншілер де назардан тыс қалмайды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру