Биыл Ақтөбеде интернет-алаяқтықтың 365 жағдайы тіркелді
Биыл Ақтөбеде интернет алаяқтықтың 365 жағдайы тіркелді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе облысында алаяқтық жағдайлары жиілеп кетті. Белгісіз адамдар «OLX» қосымшасында тауарды төмендетілген бағамен сату туралы хабарландыру береді. Мобильді қосымша арқылы алдын-ала төлемді шотқа жіберуді сұрайды. Шотқа ақша түскеннен кейін, ұялы телефондарын сөндіріп, хабарсыз кетеді.
Алаяқтықтың тағы бір түріне адамдар алданып қалуда. Қаскүнемдер «OLX» қосымшасындағы хабарландыру бойынша тауарды сатып алу сылтауымен жәбірленушінің банктік картасының мәліметтерін алады, шотта бар қаражатты шешіп алады.
Бірақ қаскүнемдер мұнымен тоқтап қалмайды, жақында олар алаяқтықтың тағы бір жаңа схемасын құрастырды.
«OLX» немесе «Қазпочта» АҚ арқылы жеткізуді ресімдеу сылтауымен алаяқтар төлем алу үшін сізге жалған құжатты толтыруға сілтеме жібереді, онда сіздің банк картаңыздың деректемелерін көрсету талап етіледі.
Ағымдағы жылдың тоғыз айында интернет алаяқтықтың 365 жағдайы тіркелді.
– Құрметті ақтөбеліктер, осындай алаяқтықтан қорғану үшін бірнеше ережелерді сақтау қажет.
Алдымен ұқсас тауарлардың орташа құнын қараңыз. Тым төмен баға сізге күдікті болып көрінуі керек.
Екіншіден, егер сатушы сатып алынған тауар үшін толық немесе ішінара алдын-ала төлемді электронды шотқа аударуды талап етсе, бейтаныс адамға қаншалықты сенуге дайын екеніңізді ойлаңыз.
Анонимді төлем жүйелері арқылы бейтаныс адамдарға ақша аудару арқылы, егер мәміле жасалмаса, оларды қайтаруға кепілдік жоқ екенін ұмытпаңыз. «OLX» пайдаланушыларына ақша қаражатының немесе тауардың жоғалуын болдырмау үшін басты қауіпсіздік ережелерін сақтауды ұсынамыз, – деді облыс ПД бастығы А.Арыстанов.