Биыл Атырау облысында бейнебақылау көмегімен 200-ден астам қылмыстың беті ашылды
Биыл Атырау облысында бейнебақылау көмегімен 200-ден астам қылмыстың "ізі суымай" ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қаланың әр бөлігінде орналасқан бейнебақылау камералары қоғамдық тәртіпті сақтауға, ұрлық, бұзақылық, жол-көлік оқиғалары сияқты құқық бұзушылықтарды анықтауда айтарлықтай үлес қосуда. Жыл басынан бері Атырау облысында бейнебақылау көмегімен 200-ден астам қылмыстың "ізі суымай" ашылды.
Бүгінде облыс аумағында барлығы 61 582 камера орнатылған. Оның 12 449-ы Атырау мен Құлсары қалаларындағы жедел басқару орталықтарына қосылған. Сондай-ақ білім беру ұйымдарының 91%, яғни 227 мектеп 12 555 камерамен қамтылып, олардың 207-сі орталыққа қосылған.
Бұл камералар тәулік бойы жұмыс істейді және оқиғаларды жылдам анықтауға мүмкіндік береді. Әсіресе, адам көп жиналатын орындар мен жол қиылыстарындағы камералар маңызды ақпарат береді. Айта кету керек, қазіргі таңда халықаралық әуежай, темір жол вокзалы, мектептер, ойын сауық орталықтары, сауда орталықтары, базарлар, супермаркеттер, жоғарғы оқу орындары, аудандық мектептер және т.б. орындарындағы 1999 бейнебақылау камерасы Жедел басқару орталығына интеграцияланған.
Бейнебақылау жүйелері – құқық бұзушылықты анықтаудың құралы, қылмысты алдын алудың бір тәсілі. Сондай-ақ азаматтар полициямен онлайн байланысқа "Police 102" мобильді қосымшасы және "SOS" дабыл батырмасы арқылы байланысқа шыға алатынын ұмытпаңыз.
Атап айтқанда, "Police 102" мобильді қосымшасы арқылы бейне шағым, жазбаша өтініш, аудиожазба қалдырса, "SOS" дабыл батырмасын басу арқылы полиция қызметкерін шұғыл шақырта алады. Бұл қосымшалар полиция қызметкерлерінің, азаматтардың хабарламаларына жедел әрі тиімді әрекет ету мақсатында жүзеге асқан.