Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Биыл көлік полицейлері 20 млн жолаушының қауіпсіздігін қамтамасыз етті

Көлік полицейлері әуе және теміржол көлігі объектілерінде құқық бұзушылықтарға қарсы күресті күшейтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

ІІМ көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері еліміздің әуе және теміржол көлігі объектілерінде қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ қоғамда "Заң мен тәртіп" қағидатын нығайту бойынша жүйелі жұмыстарын жалғастыруда.

Департамент бастығының бірінші орынбасары Мадияр Айтуғановтың айтуынша, 2025 жылдың басынан бері көлік полицейлері теміржол және әуе көлігін пайдаланған 20 миллионға жуық азаматтың қауіпсіздігін қамтамасыз еткен. Яғни, теміржол көлігімен сапар шеккен 11 миллионға жуық жолаушы мен әуе қатынасын пайдаланған 8,9 миллионнан астам жолаушының құқықтары мен қауіпсіздігі қорғалған.

Мәселен, осы жылдың 6 айында Астана қаласының халықаралық әуежайы арқылы өткен жолаушылар ағыны 4,3 миллионнан асты. Нақтырақ айтқанда, ішкі бағыттар бойынша 2 997 981 жолаушы, ал халықаралық бағыттар бойынша 1 376 954 жолаушы тіркелді.

- Көлік нысандарын заңсыз әрекеттерден қорғау мәселесі әрқашан өзекті болып қала береді, - деді М.Айтуғанов.

Департамент пен оның желілік бөліністері "Құқықтық тәртіп", "Көліктегі қауіпсіздік", "Заңсыз келуші", "Қарасора" және басқа да жедел алдын алу іс-шараларын тұрақты түрде өткізеді. Бұл акциялар - қылмыстың алдын алуға, көліктегі тәртіп деңгейін, сондай-ақ халықтың құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталған.

- Басты міндетіміз – әрбір азаматқа, соның ішінде жолаушылар мен көлік инфрақұрылымының қызметкерлеріне қауіпсіз әрі жайлы жағдай жасау үшін жұмысты тиімді ұйымдастыру. Біз үшін құқық бұзушылықтарға қарсы іс-қимылдың сенімді жүйесін құру маңызды, – деп сөзін нықтады көліктегі ПД бастығының бірінші орынбасары.

Оның айтуынша, тексеру жұмыстары ауқымды көлемде жүргізілуде. Жыл басынан бері елордалық әуежайдағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері авиациялық қауіпсіздік қызметімен бірлесіп, 34 мыңнан астам әуе рейсі мен 4,3 миллионнан аса жолаушыны тексерді. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 100-ден астам тыйым салынған зат пен бұйымдарды заңсыз алып кету әрекетінің жолы кесілді, 53 қылмыс пен 1348 құқық бұзушылық анықталды. Сондай-ақ 43 бірлік атыс және суық қару тәркіленді.

Бүгінгі күні департамент жұмысында заманауи цифрлық шешімдер белсенді енгізіліп жатқаны, қылмыстарды "ізін суытпай" ашу және қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында қызметтік-іздестіру иттері де кеңінен қолданылатыны айтылды.

- Біз жедел жағдайды үнемі талдап отырамыз: жасақтар қылмыс жиі тіркелетін учаскелерге жіберіледі, әрі құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған рейдтер тұрақты жүргізіледі. Осы уақыт ішінде атқарылған жұмыстар нәтижесінде 48 мыңға жуық адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Көліктегі полиция департаменті азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, құқық бұзушылықтарды болдырмауға, сондай-ақ көлік инфрақұрылымы нысандарында қауіпсіз ортаны қамтамасыз етуге бағытталған кешенді алдын алу шараларын жүзеге асыруды жалғастырады, – деді Мадияр Айтуғанов.

Естеріңізге сала кетейік, ІІМ 2025 жылды "Профилактика жылы: полиция заң мен тәртіп күзетінде" деп жариялады. Негізгі мақсат – қылмыс пен құқық бұзушылықтардың барынша алдын алу.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру