Биыл көлік полицейлері 83 мыңнан астам құқық бұзушылықтың жолын кесті
Биыл көлік полицейлері 83 мыңнан астам құқық бұзушылықтың жолын кесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Көліктегі полиция департаменті көлік инфрақұрылымы нысандарында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыстарын жалғастыруда. Жыл басынан бері көлік полицейлері 83 513 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Оның ішінде қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктер ішу немесе мас күйінде келудің 6 754 дерегі бар, полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбаудың 107 фактісі және басқа да құқық бұзушылықтар тіркелді.
Мәселен, 4 желтоқсанда Астана-1 теміржол станциясында патрульдеу барысында желілік полиция басқармасының қызметкерлері Ақмола облысының 38 жастағы тұрғынын ұстады. Ер адам мас күйінде болып, тәртіп сақшыларының заңды талаптарына бағынбаған. Құқық бұзушы қоғамдық орындарға масаң күйінде келгені және полиция қызметкерінің заңды талабына бағынбағаны үшін жауапкершілікке тартылды.
Айта кетейік, ұсталған азамат бұған дейін де осыған ұқсас құқық бұзушылық үшін жауапкершілікке тартылған. Сот шешімімен ол 5 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.
