Биыл Маңғыстау облысында есептегі 113 сотталған қамауға алынды
Маңғыстау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің пробация қызметі қоғамға бейімделу мен тәртіпті сақтау бағытындағы жұмысты белсенді түрде жүргізіп келеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бүгінгі таңда пробация есебінде 900-ден астам сотталған бар, олардың әрқайсысы ерекше бақылауда.
Жыл басынан бері жаза өтеу тәртібі мен шарттарын бұзған сотталғандарға бірнеше ескерту жасалып, олардың іс-әрекеттері мұқият тексерілді. Сол бойынша пробация қызметі сотқа 167 ұсыныс жолдап, 113 сотталған сот қаулысымен қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне қайта жіберілді.
Инспекторлар тек тәртіпті күшейтіп қана қоймай, сотталғандармен тығыз байланыс орнату арқылы түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатыр. Мақсат — олардың заңға бағынушылық көзқарасын қалыптастырып, қоғамға қайта бейімделуіне көмектесу.
– Біздің міндетіміз — жазаны өтеу шарттарын сақтауды қамтамасыз ету, әрбір сотталғанға жаңа өмір бастауға мүмкіндік беру, — дейді қызметкерлер.
Пробация қызметі алдағы уақытта да қоғам мен сотталғандар арасындағы сенімді нығайтып, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жұмысын жалғастыра береді.