Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Биыл Павлодар облысында 82 пәтер ұрлығы тіркелді

Биыл Павлодар облысында 1192 ұрлық фактісі тіркелсе, оның 82-сі пәтер ұрлығына тиесілі, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Пәтер ұрлығы — қалалар мен ауылдық жерлерде жиі кездесетін қылмыстардың бірі. Ұрылар тұрғын үйлерге кіріп, тек мүлікті ғана емес, тұрғындардың қауіпсіздігін де қауіпке тігеді. Әдетте олар тәуекелге бармау үшін қорғаныс деңгейі төмен нысандарды таңдайды. Бұл – сапасыз құлыптар, темір есіктердің болмауы немесе дабыл жүйесінің орнатылмағаны сияқты факторлар.

Қылмыскерлердің жиі қолданатын амалдары көп жағдайда ұрлық тұрғындардың үйде болмауымен тұспа-тұс келеді: ұзақ сапарлар, демалыстар, жұмыс уақыттары. Қылмыскерлер бұл ақпаратты әлеуметтік желілерден немесе көршілермен әңгіме барысында білуі мүмкін.

Пәтер ұрлығын болдырмаудың ең тиімді әдістерінің бірі — қауіпсіздік жүйелерін орнату мен күзет құрылымдарының қызметіне жүгіну. Мысалы, Павлодар қаласындағы дүкендердің бірінде орнатылған дабыл жүйесі тауар ұрлығын тоқтатуға мүмкіндік берсе, тағы бір жағдай гараж бокстарынан мыс кабельдерін ұрлау әрекетінің алдын алды.

Павлодар облысы полиция департаментінің мәліметінше, күзет қызметін таңдағанда бірнеше факторларға назар аударыңыз. Компанияның аймақтағы беделін, қызмет көрсету тәжірибесін және тұтынушылардың пікірлерін зерделеңіз. Қауіпсіздік жүйесін орнатумен қатар, тәулік бойы бақылау және шұғыл әрекет ету қызметтерін ұсынатын ұйымдарды таңдаңыз. Компанияның қызмет көрсетуге рұқсаты мен тиісті құжаттарының бар-жоғын тексеріңіз.

Қарапайым, бірақ маңызды қауіпсіздік шаралары: Терезелер мен есіктердің әрдайым жабық екеніне көз жеткізіңіз; үйде жоқ екеніңіз туралы бөгде адамдарға ақпарат бермеңіз; құлыптар мен есіктердің жағдайын бақылап отырыңыз; үйіңіздің және кіреберістің қауіпсіздігіне ерекше назар аударыңыз.

Қауіпсіздік – әрбір тұрғынның қолында. Уақытылы және дұрыс қабылданған шаралар сіздің отбасыңыз бен мүлкіңіздің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру