Биыл Павлодар облысында қызметтік иттердің көмегімен 80 қылмыс ашылды
Биыл Павлодар облысында қызметтік иттердің көмегімен 80 қылмыс ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысы ПД кинологиялық қызмет орталығы бірыңғай тетік ретінде жұмыс істейді. Оның мақсаты қылмысқа қарсы күресте қызметтік-іздестіру иттерін сауатты және барынша тиімді пайдалану. Қызметтік иттер қоғамдық тәртіпті сақтайды, қылмыскерлерді ұстайды, қару-жарақ пен есірткі қоймаларын іздейді. Қазіргі уақытта облыстық ПД-да 28 қызметтік ит бар. Әр ит бір сала бойынша үйретілген. Қызметтік иттер іздестіру, есірткі, жарылғыш заттарды іздеуге маманданған, полицейлермен бірге иттер облыс орталығының көшелерін патрульдейді.
– Күн сайын полицияға түрлі шақырулар келіп түседі. Бұл – ұрлық, тонау, адамдардың жоғалуы. Біз дереу оқиға орнына барамыз. Ит біз сияқты бәрін сезеді, уайымдайды, сондықтан ол өзінің қызметтік міндетін толықтай орындайды. Осы жылдың басынан бері қызметтік иттерді пайдалана отырып, 80 қылмыс ашылды, оның ішінде 25 есірткі желісі бойынша, – дейді кинологиялық қызмет мамандары.
Мысалы Метель атты полиция көмекшісі есірткіні кез келген жерден таба алады. Балалар жоғалып кеткен немесе тонау болған жағдайлар бар, мұнда иттердің де көмегі қажет.
– Егер адам иттерді шынымен ұнатпаса, олармен толық жұмыс істей алмайды. Ол командаларды орындауға үйрете алады, бірақ байланыс болмайды. Ал кинолог пен ит – бір команда. Олар бір – бірін түсініп, сезінуі керек, – дейді Павлодар облысы ПД кинологиялық қызмет орталығының бастығы Нияз Валиев.
Кинологиялық қызмет сөзсіз ең қызықты бөлімшелердің бірі. Мұндағы атмосфера ерекше. Кішкентай күшіктер және тіпті ересек иттер өздерінің эмоцияларын жасырмай, полиция қызметкерлеріне қуанады, ал олар үшін ең жақсы ынталандыру – иесінің мақтауы және оның қолынан алынған дәмді тағам.