Биыл Павлодарда ЖБО камералары арқылы 7,5 мың дерек тіркелді
Павлодар қаласының жедел басқару орталығындағы камералар арқылы жыл басынан бері 7500-ге жуық құқық бұзушылық анықталған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар қаласының бейнебақылау жүйесі қоғамдағы тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.
Бейнебақылау және құқық бұзушылықтарды тіркеу жүйелерінің кеңеюі қылмыстар санын азайтып, жол қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік беріп отыр.
Күн сайын камералар арқылы қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдік ішу, жол жүру ережелерін бұзу, қоғамдық тәртіпті бұзу және ұсақ бұзақылық секілді түрлі құқық бұзушылықтар тіркеледі. Мысалы Павлодар қаласындағы Торайғыров көшесіндегі аялдамада ер адамның темекі шегіп, тұқылын рұқсат етілмеген жерге тастағаны анықталды.
– Қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін оған әкімшілік жауапкершілік жүктеліп, 18460 теңге айыппұл салынды, – деп мәлімдеді Павлодар қаласының полиция басқармасы жедел басқару орталығының бастығы Ренат Шамгунов.
Қазіргі уақытта Павлодар қаласы бойынша 117 бейнебақылау камерасы жұмыс істеп тұр.
– Егер құқық бұзушылық немесе қылмыс камераның көру аймағында орын алса, жақын маңдағы полиция патрулі құқық бұзушыны жылдам ұстап, тиісті шаралар қабылдайды, – деп атап өтті полиция өкілі.
Жалпы, бейнебақылау жүйесінің тиімді жұмысы нәтижесінде жыл басынан бері 7288 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған.