Биыл Петропавлда интернет-алаяқтыққа қатысты 348 дерек тіркелген
Криминалдық полиция қызметкерлері интернет-алаяқтықтың алдын алу үшін Петропавлдағы саяжай қоғамдастықтарына барды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Еңбек ұжымдарымен кездесу, зейнеткерлермен әңгімелесу, мессенджерлер арқылы алдын алу сипатындағы бейнероликтер мен суреттер тарату – интернет-алаяқтық фактілерінің алдын алу үшін осы жұмыстардың барлығын полиция қызметкерлері күнделікті жүргізуде. Адамдарға Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындарына қатысты қолданатын кең таралған айла-тәсілдер, олардан қорғану амалдары туралы айтылады. Алайда шығыны көп интернет-алаяқтық фактілері күн санап артуда.
Облыстық полиция департаменті құрамындағы криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілдері қаладағы саяжай қоғамдастықтарына барды. Полицейлер жадынамалар таратып, плакаттар жабыстырды және байланыс нөмірлерін берді. Зейнеткерлердің көпшілігі интернет-алаяқтық туралы естіген. Кейбіреуінің туыстарын да алдап кеткен. Алаяқтардың транзакциялар жүргізу, алдын ала төлем талап ету және ақша аудару туралы күмәнді ұсыныстарына сенбеген жөн. Жедел уәкілдер зейнеткерлердің әрқайсысына алаяқтармен сөйлескен кезде қолданатын әрекеттер алгоритмін түсіндіріп берді.
– Соңғы айларда қаскөйлер құрылғыны қашықтықтан отырып басқаруға болатын қосымшаларды пайдалана бастады. Алаяқтар түрлі себептермен RustDesk, AnyDesk, TeamViewer сияқты тегін қосымшаларды смартфонға жүктеп алуға мәжбүрлейді. Осылай телефонды алыстан басқара алады. Азаматтардан бейтаныс адамдардың айтқанына сенбей, осындай күмәнді қосымшаларды жүктемеуді сұраймыз. Өздерін банк немесе құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде таныстыратын адамдардан қоңырау келіп түссе, бірден өз банкіңіздің Call-орталығына не болмаса «102» арнасына қоңырау шалуға кеңес береміз, – дейді СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Марат Жұмалиев.
Жыл басынан облыста интернет-алаяқтықпен байланысты 442 қылмыстық іс тіркелді. Оның 348-і Петропавл қаласында тіркелген.