Биыл Қызылорда облысында бейнекамералардың көмегімен 126 қылмыстың беті ашылды
Биыл Қызылорда облысында бейнекамералардың көмегімен 126 қылмыстың беті ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жыл басынан Қызылорда облысы полиция департаменті жедел басқару орталығының бейнебақылау камераларының көмегімен 126 қылмыс ашылды. «102″ мобильді қосымшасына 25 хабарлама келіп түсіп, олардың барлығына тиісті қызмет көрсетілді.
Бейнебақылаушылар азаматтардан түскен хабарламаларды қабылдау және өңдеу барысында аймақтағы ахуалды қадағалап, құқыққа қарсы әрекеттерді анықтау және алдын алу бағытында қызмет атқарады. Жыл басынан бері бейнебақылау камераларымен 44 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, оның ішінде 36 мыңнан астам жол қозғалысы ережелерін бұзу дерегі анықталды.
«Мүлдем төзбеушілік» қағидасын қалыптастыру мақсатында бейнебақылаушы инспекторлар 3 мыңнан астам ұсақ бұзақылық дерегін, қоғамдық орындарға масаң күйде келудің 2 мыңнан астам дерегін, қоғамдық орындарда тиісудің 300 фактісін, бұдан бөлек 2 мыңнан астам басқа да құқық бұзушылық дерігі тіркелді. Күнделікті полиция кешенді күштерімен бірлесіп жыл басынан 11931 азамат тексеріліп, 79 суық қару анықталды. Сондай-ақ адам көп шоғырланатын орындарға орнатылған «SOS» дабыл жүйесі арқылы 15 хабарлама түсті.
Айта кетерлігі, облыс орталығындағы азаматтар көп шоғырланатын орындарда «102», «SOS» дабыл батырмасының 15 құрылғысы орнатылған. «SOS» түймесін басу арқылы тәулік бойы жедел басқару орталығына видео арқылы қоңыраулар келіп түседі. Құрылғылардың орналасуы бейнебақылаумен жабдықталған, қиын жағдайда бұл кезекші бөлімнің қызметкеріне жағдайды өз бетінше бағалауға мүмкіндік береді.